Қазақстан аймақтық ірі IT ойыншыға айналып келеді. Осы аптаның соңында өзімізде Орталық Азия мен Түркі мемлекеттерінің ұйымына мүше елдердің стартаптарын қолдауға және ілгерілетуге бағытталған Silkroad Innovation Hub өкілдігі ашылады. Бұдан бөлек елге IT мамандарды тарту мақсатында Digital Nomad visa жобасы іске қосылады. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі мәлім етті. Бағдат Мусин отандық сандық өнімдер жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті екенін айтады. Сөзін IT экспорт бес есе өсіп, 334 млн долларға жеткенімен дәйектеп отыр. Жартысына жуығы Astana Hub-тың қатысуымен жүзеге асқан. Аталған ұйым – Орталық Азия өңіріндегі Google for Startups-тің жалғыз серіктесі. Бұған қоса саланы әлемдік тәжірибеге сай венчурлік қаржыландыруды қамтамасыз ету үшін заңнамаға тиісті түзетулер енгізу көзделген. Қазір елімізде 16 мыңнан астам ІТ компания бар, салада 180 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Дей тұра, кәсіби маман тапшылығы сезіледі. Биыл желтоқсан айынан бастап елімізде IT пәнінің мұғалімдері даярланады. Халықаралық компаниялармен бірге жаңа оқу курстары әзірленеді. Сонымен қатар бұл кәсіпті игергісі келетіндерге жеке IT мектептерде ваучерлік жүйе негізінде білім алу мүмкіндігі қарастырылған.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Алматы және Қарағанды облыстарының тәжірибесі негізінде әр өңірде IT-хаб
құру қажет. Әкімдіктер адам капиталын дамытуды қамтамасыз етуі тиіс. Ол үшін
программистерді, дизайнерлерді, инженерлермен осы саланың өзге де мамандарын
даярлау және қайта даярлау үшін IT-мектептер құру қажет. Ғылым министрлігі
IT-мамандарын оқыту бағдарламасын әлемдік трендтерге сай барынша икемді етіп
жасауы тиіс. Студенттермен тәжірибе алмасу үшін жетекші университеттермен
тағылымдамадан өту бағдарламаларын жолға қою керек.
Қазақстан экономикасы өткен 8 айда 4,9% өсті
Сондай-ақ, Үкімет мүшелері өткен 8 айдағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын саралады. Есептік кезеңде экономикасыз 5% жуық өсім көрсеткен. Бұл ретте нақты сектордың даму қарқыны жақсы. Басты салалардың барлығында оң динамика байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсімі 12% асқан. Шет елдермен алыс-беріс қарқын ала түсті. Қаңтар-шілдеде сыртқы сауда айналым 5,7% ұлғайып, 80 млрд долларға жуықтады. Жартысынан астамы экспорттың үлесінде. 14 млрд доллардың отандық өңделген өнім өзге елдерге жөнелтілген.