«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясындағы көрсеткішке жету үшін отандық кәсіпорындар ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуі керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбдуалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, еліміздегі экологиялық мәселелерді шешу мақсатында департамент облыс әкімдіктерімен бірлесіп, арнайы жол карталарын әзірлеген. Оның аясында 485 шараны жүзеге асыру көзделіп отыр. Спикердің айтуынша, олардың үштен бірі толығымен аяқталды. Қолға алынған бағдарламалар 2025 жылға қарай республиканың 8 қаласында атмосфералық ауаның ластану индексін төмендетуге, 7 жаңа кәріз жүйесі құрылысын бастауға, 12-інде реконструкция жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ, 24 полигон салуға мүмкіндік береді.
Айдар Абдуалиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Экологиялық жағдайды жақсартудың пәрменді тетіктерінің бірі өнеркәсіптің ең озық технологияларын енгізу. Бұл мақсатты жүзеге асыру 2025 жылға жоспарланып отыр. Осы арқылы біз 10 жылдың ішінде ел бойынша эмиссияларымызды шамамен 50 пайызға төмендете аламыз. Ал экологиялық кодексте биылдан бастап кәсіпорындар шығарындылары көздерінде мониторинг автоматтандырылған жүйесін орнату жоспарланған. Деректерді онлайн режимде алу, эмиссиялардың көрсеткіштерін қадағалау, заң бұзушылықтарға уақытылы ден қоюға халықты шынайы және жедел ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.