Қазақстан жасыл энергетиканы дамытуға басымдық береді. 2035 жылға
қарай елдің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 24,4%
дейін жеткізу жоспарланып отыр. Қазір бұл көрсеткіш 6 жарым процентке тең. Бүгінде
саланың әлеуетін арттыру үшін бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы
бағытта БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлескен бастамалар да қолға алынған. Нәтижесінде
бұл секторға инвестициялау тәуекелдерін 40% азайтып, аукциондық сауда мен жасыл
облигациялар арқылы 5 млн доллар жеке инвестициялар тартуға қол жеткізілді.
Бүгінгі таңда шағын және орта бизнестің 60 өкілі жасыл технологияларды енгізу
үшін жеңілдетілген несие алды. Бұл қатарда - Петропавлдағы биоотын өндіретін
кәсіпорын да бар.
Илья Пампур, кәсіпкер:
- Бізге шығынның бір бөлігін өтеу тұрғысынан жақсы қолдау көрсетілді. Яғни,
біз, ғимарат салдық, барлық жабдықтарды сатып алдық. Осыған жұмсалған
қаражаттың бір бөлігі қайтарылды. Несие рәсімдеп қаржыландыру көзін таптық. Кредит
қарызының бір бөлігін БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы өтелді. Сәйкесінше,
өндіріске кеткен шығын азайды.
Сарапшылардың пікірінше, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы
қолданыстағы заңға енгізілген тың өзгерістер саланың дамуына елеулі үлес
қосуда. Жаңа түзетулер кедергілерді жойып, кәсіпкерге артылған жасыл энергияны
заңды тұлға ретінде тіркемей сатуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде қуат тарататын
ұйымдар электр желілеріне еркін қолжетімділікті және қосылуды қамтамасыз етуі
тиіс.
Адамбек Нұржан, БҰҰ
ДБ Қазақстандағы жоба үйлестірушісі:
- Қазір бизнес
белгіленген қуаты 200 киловатт болатын күн станциясын өз шатырында орнатып, өндірілген
электр энергиясын өз қажеттіліктері үшін тұтынады. Артығанын желіге белгіленген
тариф бойынша сата алады. Осының барлығы қабылданған заң арқасында жүзеге асып
жатыр. 19 маусымда мемлекет басшысы аталған құжатқа қол қойды. Бірер жылда осы
жұмыстың жемісін көреміз деп сенемін.