Қазақстан жаңа
инвестициялық кезеңге көшуде. Бұл үшін жоғары технологиялық өндіріс ашуға
бағытталған ірі инвестициялар тартудың біртұтас стратегиясы қажет. Бұл туралы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Айта
кетейік, 2022 жылдан бері елге салынған қаржы 84 млрд доллардан асты. Оның
ішінде негізгі капиталға инвестиция екі есе ұлғайды. Алайда, Мемлекет басшысы
қазіргі қарқынды арттыру қажет деді. Бұл бірінші кезекте, бизнес үшін тартымды
секторларды - сирек кездесетін металдар, мұнай-газ химиясы, цифрлық
инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, көлік, агроөндеу салаларын қамтуы
тиіс. Экономикаға инвестициялар ағынын ынталандырудың ұтымды құралы -
мемлекеттік-жеке меншік әріптестік. Президент үкіметке осы тетікті белсенді
пайдалануды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмысқа жеке секторды ғана емес,
қаржы саласын да жұмылдыруды міндеттеді.
Қасым-Жомарт
Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Шикізат экспорттағаннан гөрі, одан дайын өнім
өндіріп, сыртқа шығару әлдеқайда пайдалы. Әрине, бұл оңай міндет емес. Бұл
мәселеде «артық қылам деп, тыртық қылуға да» болмайды. Өңдеу саласын дамытамыз
деп, шикізат өндіру ісіне зиян келтірмеу жағын ойлау керек. Үкіметтің саясаты
ақылға қонымды, байыпты болуға тиіс.

