Қазақстан вирустық гепатиттермен күресте көшбасшы

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауына сәйкес, Қазақстан вирустық гепатитпен күресте көш бастап тұр. Орталық Азия өңірінде ғана емес, ТМД кеңістігінде де. Бұл тәжірибе көптеген елдердің денсаулық сақтау жүйесі үшін қызығушылық тудырады. Отандық әріптестермен тәжірибе алмасу үшін елордаға Германиядан, АҚШ-тан, Түркиядан, Ресейден, Өзбекстаннан жетекші мамандар келді. Бұл тек дәрігер-гепатологтар ғана емес, сонымен қатар, гастроэнтерологтар, эндоскопистер, онкологтар, хирургтер және трансплантологтар. Олардың барлығы бауыр және ас қорыту жүйесі ауруларын емдеу, диагностикалау және алдын алудың өзекті мәселелеріне арналған VII конгресске қатысты.


Андреас Тойфель, PhD, профессор, Манхейм университетінің гепатология департаментінің басшысы:

- Германия Қазақстанда қолданылып келе жатқан вирустық гепатиттерді элиминациялау бағдарламасына қызығушылық танытып отыр. Сіздерде ауқымды тестілеу жүргізілетінін білеміз. Осы тәжірибені біз де алсақ деген ниетіміз бар. Ал, қазақстандық мамандар біздегі Д гепатитін анықтау және емдеу тәжірибесіне қызығушылық танытып отыр. Қазақстандық мамандар оның белгілері және салдары қандай болатынын білуге ниетті. Бұл пікір бөлісіп, тәжірибе алмасу алаңы болмақ.

Айта кетейік, Қазақстанда гепатитке қарсы вакцина бағдарламасы 25 жылдан астам уақыт сәтті жұмыс істеп келеді. Бауырдың вирустық ауруына қарсы екпе бала  дүниеге келісімен бірден салынады. Бұған қоса республиканың профилактикалық орталықтарында скрининг талдамалары жасалады. Өткен жылы вирустық гепатит элиминациясы бойынша арнайы жоба енгізілді. Елордада бастау алған бұл бағдарламаға 10 мыңға жуық адам  қатысты. Қазір жобаға бірнеше аймақ қосылған, алдағы 2 жыл көлемінде бүкіл республиканы қамту жоспарда.

Күлпаш Қалиасқарова, ҚР ДСМ штаттан тыс бас гепатолог, гастроэнтерологы, ҰҒОО профессоры, медицина ғылымдарының докторы:

-Қазір бізде бірқатар жаңа жетістік бар. Әлем ғалымдары бірігіп, құны 300 теңгелік экспресс тест әзірледі. Саусақтан алынған талдаудың нәтижесі 5 минутта дайын болады және гепатит туралы нақты ақпарат береді. Енді осы тестті енгізіп, өзіміздің емханаларда сынақтан өткізуді көздеп отырмыз. 2 күн бұрын тестілеу басталды, бізге гуманитарлық есеппен жүз мың тест берілді.  Оларды бөңірлерге жібердік. Бұл - Түркістан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстары, сондай-ақ  Шымкент Семей және Теміртау қалалары.