Қазақстан Орталық Азиядағы ірі фармацевтикалық хабқа айналуы мүмкін.
Елімізде бірден үш шетелдік алпауыт компаниялармен өндірісті оқшаулау туралы
келісімге қол қойылды. Олардың арасында - Pfizer Roche және AstraZeneca сынды
әлемге танымал дәрі-дәрмек өндірушілері бар. Соңғысы 4 бірдей инновациялық
препарат шығаруға дайын екенін жеткізді. Олардың бірі бүйрек пен жүрек аурулары
және екінші типті диабетті емдеуге арналған. Жоспарға сай дәрілік заттардың алғашқы
партиясы ел нарығына 2025 жылы шығуы тиіс. Онкологиялық дерттермен күресуге арналған
қалған үш препараттың өндірісін жақын арада іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы компания
елімізде өз өндірісін жолға қою үшін шамамен 7 млрд еуро инвестициялайды.
Қаражат қазақстандық мамандардың ғылыми тәжірибесіне де бағытталмақ.
Мария Шипулева, «АстраЗенека»
Казахстан» директоры:
- Нақты клиникалық
тәжірибе бойынша зерттеу іске қосылды. Бүгінде осы халықаралық зерттеулерге қатысуы
үшін қазақстандық дәрігерлер арасында іріктеу жүргізілді. Сондай-ақ, біз қазір
Қазақстанда жергілікті пациенттердің қатысуымен жүргізілген алғашқы зерттеудің үшінші
кезеңін тіркедік. Бұл өте маңызды, себебі ол препараттардың тіркеуге дейін және
одан кейін тиімділігі тұрғысынан елді халықаралық аренаға шығарады. Яғни,
Қазақстан зерттеуші ел ретінде танылады.
Динара Исабекова, «Kazakhinvest»
жобаларының жетекшісі:
- Біздің алдымызға 2029 жылға қарай отандық
өндірістің үлесін 50% жеткізу мақсаты қойылған. Егер компаниялар Қазақстанға өз
өндірісін ашу үшін кіргісі келсе, онда олар бірінші кезекте өнімнің өзіндік құнын
төмендетуді қарастыруы тиіс. Ішкі нарыққа шығу үшін барлық инвесторлардан осыны
талап етеміз. Қазір біздің елде өз өндірісін ашуға ниетті компаниялар кәсіпорын
құрумен қатар жергілікті мамандарды оқыту семинарларын, тренингтер өткізеді,
білікті сарапшылар әкеледі. олар дәрігерлерді шетелден оқуға әкеледі.