Петропавлдық тұрғын шыныдан көздің жауын алатын бұйым жасайды. Марина Дюркич фьюзинг технологиясының қыр-сырын өздігімен меңгеріп алған. Жаңашылдыққа жаны құмар ол интернеттен түрлі шеберлік сабақтарын көріп, қажет құралдарын сатып алыпты. «Бір жұмысты аяқтау үшін бір аптадан астам уақыт қажет», – дейді шебер.
Марина Дюркич, қала тұрғыны:
- Әр бұйымды шын ниетіммен, жүрекпен жасаймын. Бұл – асқан жауапкершілікті талап ететін өнер. Себебі үнемі алаңдаумен боласың. Затты пешке салған соң, одан не шығатынын білмейсің, бірдеңе жарылып кетуі де мүмкін. Мен үшін әр жұмыс қымбат.
Қолөнер шеберінің шыныдан жасаған композициялары бірнеше шығармашылық байқауда жеңіске жеткен. Марина Дюркичтің авторлық сағаттары мен тәрелкелері, майлық ұстағыштары және картиналары қолданбалы өнерді бағалайтындар арасында сұранысқа ие. Қазір ол жаңа нунофельтинг технологиясын, яғни жіңішке киізді матаға басу процесін меңгеріп жатыр. Өнер иесінің айтуынша, бұл да өте қызықты іс.