Қазақстан мен Түркия екі ел арасындағы әуе жолдарының географиясын кеңейтуге және тұрақты рейстер санын арттыруға ниетті. Ел Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Түркия вице-президенті Фуат Октайдың төрағалығымен өткен үкіметаралық комиссиясының XII отырысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ басымдық транзиттік-көлік, өнеркәсіп, туризм, геология, денсаулық сақтау және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы өзара іс-қимылдарға берілді. Түркия – Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 33% өсіп, 4 млрд 100 млн доллардан асты. Атап айтқанда, 2021 жылы Қазақстаннан Түркияға экспорт көлемі шамамен 40% өскенін көрсетті. Бүгінгі таңда түрік бизнесінің қатысуымен Қазақстанда жалпы құны 5,5 млрд долларды құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- 2021 жылғы екі жақты сауда көлемі 33% өсіп, 4 млрд долларды құрады. Пандемия жағдайында бұл – өте жақсы нәтиже. Дегенмен мұнымен шектеліп қалуға болмайды. Екі елдің әлеуеті бұдан да зор. Біз 68 тармақтан тұратын бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдадық. Келіссөздердің нәтижесі қазіргідей күрделі кезеңде бірлігімізді нығайтып, бауырлас халықтың мүддесіне қызмет ететініне сенемін.