АҚШ 30 жыл ішінде Қазақстан экономикасына 50 млрд доллардан астам инвестиция құйды. Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, бұл елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемінің шамамен 15% құрайды. Бүгінде АҚШ – елдегі ең ірі инвесторлардың бірі. Тек соңғы 15 жылда ғана екі арадағы сауда-саттық 35 млрд долларға жетті. Қазір еліміздің аумағында 500-ден астам америкалық компания табысты жұмыс істеуде. Алдағы ынтымақтастық әлеуеті Қазақстан-Америка байланысына арналған онлайн конференция барысында талқыланды. Оған қос мемлекет тарапынан дипломаттар мен сарапшылар, АҚШ Сауда палатасы, Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі және «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері қатысты.
Ержан Ашықбаев, Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі:
- Біздің ынтымақтастығымыз ортақ құндылықтар мен өзара тиімді мүдделерге негізделген. 30 жылдың ішінде Қазақстан-Америка елдерінің өзара достық байланысы, кеңейтілген стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарға ұласты. Тараптар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсетін өзге де қырларды қарастырудың кезі келді. Пандемиядан туындаған жаһандық қауіп ұжымдық көзқарасты қажет етеді. Сондықтан АҚШ-пен денсаулық сақтаудың жаһандық әлеуетін дамыту саласында әріптестігімізді кеңейтуге мүдделіміз. Бұл ретте өмірлік маңызы зор вакциналарды өндіруге арналған медициналық материалдар мен жабдықтарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге басымдық берілмек.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов