Жалпы құны 400 млн долларды құрайтын келісімдер. Екі ел мемлекет басшыларының қатысуымен өткен Қазақстан-Корея бизнес форумының нәтижесі осындай. Іскерлік форумға 500 астам делегат қатысса, оның 50 астамы ірі бизнес өкілдері. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ең перспективті бағыттарына тоқталды.
Жер қойнауын пайдалану және өнеркәсіп сияқты стратегиялық мәні зор салалардан бөлек, Қазақстан жасыл энергетика, жоғары технологиялы агроиндустрия саласында серіктестікке ынталы. Соған сәйкес еліміз инвесторларға қолайлы жағдай жасау шараларына де аса мән беріп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бүгінгі келіссөздер барысында Корея Президенті Қазақстанға «ақылды ауыл шаруашылығы фермалары» принципі бойынша жұмыс істейтін технологиялар жеткізу жөнінде ұсыныс айтты. Менің ойымша, бұл – өте жақсы ұсыныс. Біз аталған жобаны жүзеге асырамыз. Оңтүстік Кореяның жасанды интеллектіге, роботты техникаға және биотехнологияға негізделген инновациялық агротехнологиясын енгізуге мүдделіміз. Біздің шаруалар тиімділігі жоғары «ақылды» жылыжайлар салу тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытып отыр.
Қазақстан кореялық серіктестерімен жасанды интеллект технологиясын дамыту, дата-орталықтар салу және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірлесе жұмыс істеуге дайын. Сондай-ақ мемлекет басшысы биомедицина саласында қолайлы мүмкіндіктер жасалып отырғанын қаперге салды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті :
– Pfizer, Roche, GE Healthcare және Philips секілді әлемге әйгілі компаниялар елімізде дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың жергілікті өндірісін ашпақ. Оңтүстік Кореяның GL Rapha компаниясы Алматыдағы биофармацевтика зауытының құрылысына көп ұзамай кіріседі деп үміттенемін. Бұл нарық стандарттарын едәуір жоғарылатады. Сондай-ақ елімізде Оңтүстік Кореяның диагностика орталықтары мен көпбейінді зертханаларын ашудың келешегі зор.