450 мың контейнер. Соңғы 8 айда Қытайдан Еуропа бағытында Қазақстан аумағымен осыншама көлемде жүк тасымалданған. Еуразиялық даму банкі сарапшыларының пікірінше, бұл серіктес мемлекеттердің көлік-логистика саласындағы іс-қимылдарының жүйеге қойылғанын көрсетеді. Бұл бағыт бойынша контейнерлік тасымалдың басты артықшылығы – уақытында жүк жеткізу. Тауар Еуропаға небәрі екі аптада жетеді. Ал теңіз жолдарымен бұған бір айдан аса уақыт қажет. Осы ретте Қазақстан аумағымен өтетін Орталық-Еуразиялық көлік дәлізіне сұраныс жоғары. Пандемия қызып тұрған 2020 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің аумағымен теміржол тасымалы 60% астам өскен. Алдағы уақытта Одақ елдері арқылы жүк ағыны кем дегенде үш есе артады, деп есептейді сарапшылар. Серіктес-мемлекеттердің теміржол компанияларының бұл саладағы табысының жиынтық көлемі жылына 10 млрд долларға жетуі мүмкін.
Тарас Цукарев, ЕАДБ интеграциялық зерттеулер орталығының жетекшісі:
– Фитингтік платформалар паркін жаңартып, ұлғайту қажет. Бұл транзиттік контейнер ағымын арттыруға жағдай жасайды. Меніңше, Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне Түрксіб сияқты екінші мегажобаның қажеті жоқ. Тек көлік инфрақұрылымының тар нүктелерін кеңейту жағын шешу керек. Бұл – ең алдымен қосымша теміржол тармағын салу, оның бойын электрлендіру, шекаралас аумақтардағы жүкті артып-тиеу бекеттеріндегі жұмыстарды оңтайландыру және цифрлық шешімдер енгізу.