Биыл Қазақстан мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толды. Осы аралықта тараптардың алыс-берісі мен барыс-келісі еселеніп, ынтымақтастығымыз қос ел үкіметі айқындаған серіктестік деңгейінде артып келеді. «Таң самалы елінен» тартылған инвестиция мөлшері бойынша Қазақстан Орталық Азия аймағында көш бастап тұр. Бүгінде ел экономикасына құйылған қаржы көлемі 4 млрд долларға жеткен. Дәстүрлі салаларда тиімді байланыс әлеуетін арттырумен қатар IT, биомедицина, смарт-фермалар сынды тың ақылды технологиялар бағытында бірлескен жоба қолға алынып жатыр.
Ку Хонг-Сок, Кореяның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Біздің өзара қарым-қатынасымыздың өткен 30 жылы аса табысты болды. Өзара ынтымақтастығымыздың алдағы 30 жылының да маңызы ерекше. Сондықтан Корея үкіметі келесі 30 жылдықта да экономикалық байланыстарға басымдық беріп, өзара тиімді әріптестікті ілгерілетуге бар күш-жігерін жұмсайтын болады. Мұның барлығы екі елдің де азаматтарының өмір сүру сапасын арттыруға, халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталады.
Елшінің сөзінше, қос ел мәдениетін сабақтастыру назарсыз қалмайды. Тараптар биылғы жылды ресми түрде «мәдени алмасу жылы» деп жариялады. Оның аясында түрлі кешенді іс-шара бағдарламасы әзірленді.
Ку Хонг-Сок, Кореяның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстанда опера және балет өнері жоғары деңгейде дамыған. Сондықтан алдағы жылы танымал корей опера әншісі Джо Самиді қазақстандық сахна саңлақтарымен бірге классикалық музыка концертін ұйымдастыру үшін шақыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Қазақстанда белгілі корей қылқалам шеберлерінің туындылары қойылатын көрмелер өткізу көзделгенін атап өткім келеді.
Сондай-ақ еліміздегі Корея елшілігі биыл қазақстандықтар үшін корей елінің поп-музыкасы, ұлттық тағамдары мен комикстеріне қатысты түрлі танымдық бағдарлама легін дайындап қойды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов