Қазақ қызы Кореяның ТОП көрсетіліміндегі үздік сериалдарға түсіп, көрермен назарына ілікті. Гүлдана Айзахова әуелгіде Сеулге дәрігер мамандығын игеруге келген. «Ал танымал туындыларда ойнау – сүйікті ісім, хоббиім», – дейді. Кастингке келген қазақ қызын кәріс киногерлері түр келбеті және кәріс тілін мінсіз меңгергені үшін таңдап алыпты.
Гүлдана Айзахова, студент:
- Мен түскен дорамалардың ішінде өзім өте қатты жақсы көретін және жібермей көрген – «Пентхаус». «Пентхаус» – қазір Кореяда ғана емес, бүкіл жерде өте танымал болған дорама. Қазақстанда да өте танымал болды. Сол арқылы мені барлығы тани бастады. «Винченцо», «Итэвон класс» сериалдарына және тарихи киноларға да түстім.
Кореяда танымал актер болу, белгілі бір жетістікке жету өте қиын. Бірақ «бейнеттің өз зейнеті бар» демекші, танымалдылықтың алып келер сыйы өте көп. Қомақты гонорарды айтпағанда, актерді түсірілім алаңында ешкімнің артық мазалауға құқысы жоқ. Алайда Гүлдана олардың шын мәнінде өте қарапайым және мейірімді екенін айтады. «Үйренерім көп», – дейді.
Гүлдана Айзахова, студент:
- Жалпы таңғалған нәрсем: сол жердегі актерлердің актерлік шеберліктері. Өте ұзақ мәтінді бірден ешқандай қателіксіз айтқан кезде өте қатты таңғалғанмын. Чон Со Джиннің ролін сомдаған актрисаның есімі – Ким Со Ён. Өте жақсы актриса. Дорамада жаман рөлде ойнаса, шын өмірде өте жақсы. Барлығының хал-жағдайын сұрап, сөйлесіп жүретін өте жарқын актриса.
Арманы асқақ қазақ қызы соңғы 5 жылда өзге мемлекеттің тілін, мәдениетін жақсы меңгерген. Гүлдана болашағын болжауға асықпайды. Десек те Оңтүстік Кореядан алған білімін елге әкеліп пайдаға асырмақ ниетте.
Гүлдана Айзахова, студент:
- Өз мамандығым бойынша жұмыс жасағым келеді. Ал дорамаға түсу, актрисалық жол жай ғана хобби ретінде болады. Әрі қарай жалғастырамын деген менде әзірге ондай ой жоқ. Негізі Кореяда көптеген тәжірибеден өтіп, барлығын біліп, жетік меңгеріп, Қазақстанға бару ойымда бар.
Соңғы 5 жылда Қазақстанның талантты жастары әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі салада бой көрсетіп, жоғары деңгейдегі жетістікке қол жеткізуде. Бұған дейін Геннадий Головкин, Димаш, Скриптонит, Нұрлан Сабуровтың атын атап, түсін түстеп келсек, олардың қатарын күні кеше әйгілі Грэммиді жеңіп алған Иманбек қосылды. Болашақта әлемге танымал қазақстандықтардың тізіміне «ең үздік актриса» немесе «үздік дәрігер» атағымен Гүлдананың да есімі кіріп қалар. Бұл – тек уақыт еншісіндегі дүние...