Қасиетті Құрбан айт мерекесі басталды. Ораза айттан 70 күннен кейін келетін ұлық мейрамды көпшілік мұсылман 3 күн қатарынан тойлайды.
Айта кетейік, биыл Құрбан айт намазы қатаң санитарлық норма талаптарын сақтай отырып, «сары», «жасыл» аймақтарда мешіт аулаларында ғана оқылады. Онда да жамағат қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, айт намазы біткен сәтте мешіт ауласында ұзақ тұрмауы тиіс. Ал «қызыл» аймақтағы өңірлерде оқылмайды. Құрбан шалу рәсімі екі жолмен жүзеге асырылады. Бірінші мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жерлерде шалынады. Жергілікті қасапханаларда санитарлық ережелерді сақтай отырып «сары» және «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізіледі. Екінші еліміздің «қызыл» аймақтарында шариғаттағы «өкілдік» қағидасына сәйкес «Құрбан2021.kz» сайты арқылы тек онлайн режимде жүзеге асырылады. Құрбандық шалатын арнайы орындар «Аshyq» қосымшасымен жұмыс істейді.
Бақытжан Өткелбаев, «Әзірет-Сұлтан» мешітінің наиб-имамы:
- Құрбан айт - үлкен мереке. Қазіргі таңда індеттің өршуіне байланысты мүмкіндігінше ел аралап немесе көпшілік орталарға, қоғамдық орталарға бала-шағаны апармай, әркім өзінің үйінде оқшауланып өткізгені абзал. Сонымен қатар, біздің ҚМДБ-ның құрбан айтқа байланысты арнайы уағыз-насихат бағдарламалары бар. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы құттықтауға болады.
Қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. «Бұл мереке қашанда барша жұртты береке-бірлікке үндейді. Ел азаматтарын бауырмал болуға шақырып, бүкіл халқымыздың ырыс-ынтымағын арттырады» деп атап өткен Мемлекет басшысы айттан айтқа аман-есен жету туралы ізгі тілегін арнады.