Қазақстанның Қаржылық мониторинг Агенттігі Binance ірі халықаралық криптобиржасымен ынтымақтастық туралы меморандум бекітті. Құжат цифрлық активтерді пайдалана отырып, қылмыстық жолмен тапқан кірісті жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес жұмыстарын жүргізуді көздейді. Бұл туралы Мемлекет басшысына Агенттік төрағасы Жанат Элиманов мәлімдеді. Сондай-ақ Президентке Агенттіктің биылғы 10 айда атқарған жұмысы туралы есеп берілді. Мәселен, 25 қаржы пирамидасы жойылып, жәбірленушілердің 8,3 миллиард теңге шығыны өтелген. Жиырма бес ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Сондай-ақ ол қылмыстық істерді жаппай қозғау тәжірибесінің жойылғаны және адал бизнесті қылмыстық қудалаудың азайғаны жөнінде баяндады. Жанат Элимановтың айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде 300 миллиард теңгеден астам актив қайтарылған.