Қарағанды облысы әкімдігі:  кеншілерге барынша қажетті медициналық көмек көрсетілуде

Қарағанды облысы әкімдігі:  кеншілерге барынша қажетті медициналық көмек көрсетілуде

Апаттан кейін Қарағанды облысының ауруханаларына 28 адам жеткізілді. Оның 24-не ем көрсетілуде. Көпшілігінің жағдайы әлі де ауыр. Жарақат алғандарға барлық тиісті көмек көрсету мақсатында облыстағы барлық қызметтер жұмылдырылды. Өз кезегінде жергілікті дәрігерлер республикалық травматология, ортопедия және нейрохирургия орталықтарымен кеңесе отыра әрекеттесуде. Бұған дейін еліміздің төтенше жағдайлар министрі – Сырым Шәріпханов шахтаға түсіп, апат болған жерді өзі тексерген еді. Құтқарушылардың айтуынша, газдың жағдайы тұрақты, өрт туу қаупі төніп тұрған жоқ. Жалпы іздеу-құтқару жұмыстарына 55 құтқарушы мен 15 техника жұмылдырылған. Шұғыл медициналық көмек көрсетуге 21 адам мен 7 көлік әзір. Сонымен қатар апат себептері мен кінәлі адамдарды анықтау да жүргізіліп жатыр. Қарағанды облысындағы шахтада болған өрт себептерін анықтау және салдарымен күресу бойынша құрылған Комиссия отырысын Премьер-Министр Әлихан Смайылов жүргізді. Президенттің тапсырмасы бойынша, қаза болған «АрселорМиттал Теміртау» қызметкерлерінің отбасына барлық қажетті көмекті көрсету мәселесі Үкіметтің назарында болады.

Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
- Мемлекет тарапыннан қаза тапқан кеншілердің отбасыларына асыраушысынан айырылғаны үшін төлемдер төлейді. Бірінші төлем – ол базалық жәрдемақы. Екінші төлем – әлеуметтік сақтандыру қорынан. Үшінші төлем – өмір сақтандыру компаниясынан. Төлемдердің орташа мөлшері 400 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін. Бұл төлемдер асырауында болған жасөспірімдер 18 жасқа толғанша дейін, ал егер балалар оқу орнында оқып жатса, жоғары оқу орны,  техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, 23 жасқа дейін төленеді. Ал, 
«АрселорМиттал Теміртаудың» ұжымдық шартына келсек, ол міндетті түрде қаза тапқан кеншінің отбасына 10 жылдық еңбекақысын төлейді.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы басшылықтың ауысуы  - қызметкерлер алындағы міндетке әсер етпейді.

Айта кетер жайт, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне кәсіпорынды мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қабылдау мен оны толыққанды аяқтау тапсырылды.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «АрселорМиттал Теміртаудың»  қазіргі акционерлерінің акционерлер қоғамы құрамынан шығуы бойынша келіссөздер жүргізілді, соның нәтижесі бойынша қазан айының соңында осы кәсіпорынға меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына беру шарттары туралы келісімдерге қол жеткізілді. Бұл ақпаратты «АрселорМиттал Теміртау» баспасөз хабарламасы арқылы растады. Қазіргі уақытта бұл мәмілені заңды түрде ресімдеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл процесс жақын арада аяқталады.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясындағы басшылықтың ауысуы қызметкерлердің алдындағы міндет пен борыштарға ешқандай әсер етпейді. Бұл туралы кәсіпорынның жаңадан тағайындалған директоры Вадим Басин мәлімдеді. Оның айтуынша, жалақы көлемі мен әлеуметтік міндеттемелер сақталады. Өзгерген күннің өзінде, тек жақсы жаққа қарай өзгереді. Бірінші кезекте, жаңа басшылық еңбек қауіпсіздігін жақсарту және қондырғы-жабдықтарды жаңартумен айналыспақ.

Вадим Басин «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры:
- Мемлекет басшысы зардап шеккен кеншілердің туыстарымен кездесуінде инвестормен қарым-қатынас тоқтатылып жатқанын мәлімдеді. Команданың бірде-бір мүшесі жұмыстан шығарылмайды, ұжымның бірде-бір мүшесінің құқығы шектелмейді. Көмір шахталарына келетін болсақ, бірінші кезеңде кен орынындағы жұмыс қауіпсіздігін арттыру, кеншілердің қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету және көмір шахталарының негізгі қорларын жаңарту жұмыстарын жүргіземіз.

Естеріңізге сала кетсек, 28 қазан Костенко шахтасында 700 метр тереңдікте жарылыс болды. Оның толқыны 2 шақырымнан астам жерге таралды. Апат  кезінде жер астында 252 кенші болды.