Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты

Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысына қатысты

Аймақтардағы экономиканың өркендеуіне серпін беретін жаңа мүмкіндіктерге жол ашу және олардың дамуындағы теңсіздікті жою – қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың 4-ші отырысында әрбір қазақстандық үшін маңызды тақырыптарды көтерді. Олар ел өмірінің барлық салаларына қатысты болды. Мәселен, биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемін 8 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланған. Бұл жерде бизнесті қолдаудың елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралары туралы айтылып отыр. Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысы басталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Бұдан бөлек Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ, орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді.

Экономикаға цифрлық технологиялардың енгізілуі елдің бәсекеге қабілетін арттырады. Бұл жерде блокчейн индустриясын дамыту маңызды рөл атқарады. Президент цифрлық активтер айналымын қамтамасыз ету, криптоайырбастау қызметін жүргізу және цифрлық майнингке инвестиция тарту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Осы жаңа технологиялық қалыпқа көшуі энергияны көп қажет ететін үдеріс. Мұндай жағдайда дүние жүзіндегі қуат тапшылығы үздіксіз арта береді. Сондықтан, Қазақстан өзін қуат көзімен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, оны экспорттайтын ірі елге айналуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар. Мен, дәл сол себепті, Қазақстанға бір емес, үш атом электр стансасын салып, ақырында толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептеймін. Осы міндеттің айрықша маңызды екенін ескеріп, мен Президент жанындағы Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешім қабылдадым.

Мемлекет басшысы цифрландыру энергетика, агроөнеркәсіп секторын және адам капиталын Қазақстанның жаңа әлемдегі орнықты дамуына жол ашатын негізгі факторлары ретінде атады. Қасым-Жомарт Тоқаев салық реформасына да қатысты пікір білдірді. Қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру мемлекеттің өз әлеуметтік міндемелерін орындау үшін қажет. Ел қазынасы қаржысының жартысынан көбі аталған саланың еншісінде. Республика бұл жолдан қайтпайды. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтауға инвестициялар жалғасатын болады. Ғылым да әдеттегідей үлкен қолдауға ие болып отыр. Президент, сондай-ақ ішкі саясат саласында бірыңғай тұжырымдамалық құжат дайындауды тапсырды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?