Энергетика мен көліктен бастап сауда мен цифрландыруға
дейін. Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президентімен келіссөз
барысында осы және басқа да бағыттар бойынша өзара ынтымақтастық аясын
талқылады. Айта кетейік, Антониу Кошта Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді.
Мемлекет басшысы Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол
қойылғанына 10 жыл толуымен тұспа-тұс келген бұл сапардың символдық мәнге ие
екеніне тоқталды. Еліміз – Еуропа Одағымен осындай тарихи келісім жасаған
өңірдегі тұңғыш мемлекет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сіздің сапарыңызға ерекше мән береміз. Бұл Қазақстан мен Еуропа Одағы
арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қос тараптың да дайын
екенін көрсетеді. Біз өзара құрмет пен түсіністікке негізделген берік әрі
мазмұнды серіктестікті қолдаймыз. Өзара саяси диалогымыз ортақ мүддемізге
сәйкес келетін көптеген бағыт бойынша қарқынды дамып келеді.
Еуропа Одағы - Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық
серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы шамамен 50 млрд долларға жетті. Еуропа
Одағының Орталық Азиямен сауда-саттығының 80% Қазақстанға тиесілі. Қасым-Жомарт
Тоқаев сонымен қатар Қазақстанның еуропалық бизнеске тұрақты әрі ашық
инвестициялық климатты қамтамасыз етуге бейіл екенін растады. Президент визалық
режимді жеңілдету жұмыстары басталғанын құптады. Сондай-ақ Қазақстан Еуропа
Одағы мен Орталық Азияның С5+ЕО форматындағы белсенді диалогын қуаттайтынын
жеткізді. Өз кезегінде Еуропалық Кеңестің басшысы Қазақстан мен Еуропа
арасындағы ықпалдастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Антониу
Кошта, Еуропалық Кеңес Президенті:
- Қазақстан Еуропаға мұнай мен уран жеткізуші елдердің үштігіне кіретін ел
ретінде экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз етуде негізгі рөл атқарады.
Бүгін біз қарым-қатынасымызды нығайтудың және экономикалық байланыстарды
дамытудың жаңа кезеңіне қадам басамыз.
Келіссөздер барысында тараптар энергия тиімділігі, аса маңызды минералдар, атом
энергетикасы, мұнай-химия, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері сияқты
бағыттарға ерекше назар аударды. Сонымен қатар, көлік-логистика қатынастарын
нығайту жолы, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға
бірлесе күш-жігер жұмылдыру мәселесі қарастырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы үйлестіру платформасының жұмысын,
сондай-ақ Еуропалық Одақтың «Global Gateway бастамасын құптаймыз. Қазақстан
Еуропа Одағының Орталық Азия елдеріне арналған 12 миллиард еуро көлеміндегі
инвестициялық пакетіне қолдау білдіреді. Бұл қаржы көлік, шикізат ресурстары,
«жасыл» энергетика және цифрлық технология жобаларын іске қосуға бағытталады.
Бірлескен күш-жігер арқылы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі басты көлік
тораптарының біріне айналдыра алатынымызға сенімдіміз.
Сондай-ақ,
Орталық Азия мен Еуропа Одағының алғашқы инновациялық кампусын Astana Hub
аумағында орналастру мүмкіндігі қарастырылды. Бұл стартаптар, технология зерттеушілері және цифрлық сала кәсіпкерлері бас
қосатын алаң болмақ. Кездесуде Қазақстан мен Еуропа Одағы БҰҰ Жарғысын және
халықаралық құқық нормаларын сақтауға әрдайым бейіл екенін тағы да растады. Мемлекет
басшысы Еуропалық Кеңес Президентін І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Коштаның Қазақстан мен Еуропа
Одағы арасындағы серіктестікті нығайтуға қомақты үлес қосқанын атап өтті.

