Елордада келер жылы өтетін дін көшбасшылары съезіне дайындық пысықталды. Хатшылыққа қарасты жұмыс тобының отырысына беделді халықаралық ұйымдар мен Қазақстан, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Египет, Иран, Ресей, Ватикан, Израиль секілді елдерден діни бірлестік өкілдері жиналды. Хатшылықтың ертеңге жоспарланған отырысында VII съездің ресми күн тәртібі қабылданып, өтетін күні белгіленеді. Жалпы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуы биыл өтуі тиіс болатын, алайда коронавирус пандемиясына байланысты келесі жылға ауыстырылды.
Айта кетейік, Қазақстан астанасында 2003 жылдан бері өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезі бүгінде жаһандық диалог алаңына айналған.
Джо Бейли Уэллс, Англия шіркеуінің өкілі:
- Алдағы жылға жоспарланған VII съезге дайындық жүріп жатыр. Менің ойымша, әлемдегі діни толеранттылық, экстремизм мәселелері аса өзекті. Осы ретте әсіресе пандемиядан кейін пікір алмасу өте маңызды деп ойлаймын. Осындай жиындардың пайдасы мол. Өйткені біз бір-бірімізді, бір-біріміздің дәстүрімізді тани түсеміз. Әлемде әйелдер үшін мүмкіндіктер ашылғанын қалаймын. Меніңше, әйелдердің басшылық етудегі мүмкіндіктерін кеңейтіп, олардың үлесін мойындау керек.
Серік Егізбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:
- Талқыланып жатқан мәселелер – келер жылғы күн тәртібі. Ұсыныстарын сұрап отырмыз, біз өз ұсыныстарымызды айтып отырмыз. Бірақ олардың да пікірлері керек. Ең басты тақырып – пандемиядан кейінгі жағдай, дін басшыларының рөлі.