Елордада «Climate talks» халықаралық білім беру конференциясы өтті

Жаһандық климаттың өзгеруіне бейімделу, Қазақстанның көміртегі бейтараптығының жолы қандай болмақ? Осы және өзге де қоршаған ортаны қорғау мәселелері елордада өткен «Climate talks» халықаралық білім беру конференциясында талқыланды. Сондай-ақ  жиын аясында жасыл жобалар көрмесі ұйымдастырылды. 

Мына жабық алаңдағы гүлзарда өсімдіктердің 20 түрі тамыр жайған. Бірі де Қазақстанда кезікпейді. Назарбаев университетінің студенттері экзотикалық көшеттерді жергілікті ортаға бейімдеу қамында жұмыс жасап жатыр. Мақсат – елдің экологиялық мәселелеріне үн қосып, адамдар демалуы үшін жайлы жасыл аймақтар құру.

Батырхан Исенбекұлы, жоба авторларының бірі

– Мысал ретінде бізде өспейтін Фикус Бенджамина деген ағашты көрсете аламыз. Бұл оның көшеті. Әсіресе, Астанада қыс мезгілінде күн сәулесінің тапшылығы бар. Күннің ұзақтығы өте қысқа. Осы субтропикалық және тропикалық аймақтардан келген өсімдіктерге оның көлемі өте аз болып келеді. Сондықтан, біз мына фитолампаларды орнаттық. Олар күн батқаннан күн атқанша дейін бірнеше сағат жұмыс істейді. Сол арқылы біз күн тапшлығы мәселесін шешуге тырысамыз. Олар автоматты түрде қосылады және өшіріледі. 01:20:14

Қоршаған ортаға залалы тимейтін бетон өндірісін құруда әбден мүмкін. Бұл -  өнертабыста аталмыш жоғары оқу ордасының ұжымдық еңбегі. Қалдықсыз әрі энергия үнемдейтін өндіріс зиянсыз экологиялық геополимерлі құрылыс материалын шығаруға арналған.  

Нұртай Қожагелді, жоба авторларының бірі:

- Көмір қолданғаннан кейін қалған күлді және металл өндірісінен қалған үгінділерді цементтің орнына қолданамыз. Себебі, цемент өздеріңіз білетіндей әлемде 7% көмірқышқыл газын тудыратын зат. Сондықтан біз оны алмастыру үшін осы қалдықтарды қолдандық. Құмның орнына біз шыны және пластик қолданамыз. Осыдан шыққан бетон кәдімгі өзіміз құрылыста қолданатын бетонмен салыстырғанда күші мен беріктігі тең болады. Бұл оны құрылыста пайдалануға болады деген сөз.  

Бұл конференциясы аясында пайдаланылған майды биодизельге айналдыру, қуат өндіретін велотренажер, табиғи биогумус жасау, мүгедектер арбасына арналған  электр қондырғысы сынды  жасыл жобалар көрмесі де ұйымдастырылды. Дәстүрлі жиында жаһандық климаттың өзгеруінің салдары мен оған бейімделу және парниктік газдар шығарындыларын азайтуға қатысты әлем және Қазақстанда қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Гүлмира Серғазина, Қазақстандағы БҰҰДБ-ның климат жөніндегі жобалар менеджері:

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы елде осы бағытта өзгеде жобаларды жүзеге асыруға атсалысып жатыр. Жаңартылатын энергия көздерінің аясын кеңейту, энергия тиімділігін арттыру, қуат үнемдеу бойынша елдің аймақтарын барынша қамтуға қатысты жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлескен жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Өңірлерде жасыл экономиканы дамыту және  инновациялық технологияларды ендіруге қажетті қаржылық тетіктерді тарту бойынша түсіндіру жұмыстары атқарылып жатыр. Қазақстанның Үкіметімен бұндай тығыз әріптестік қарым-қатынас алдағы жылдары да лайықты жалғасын табатын болады деген сенімдеміз. 

Бұл орайда еске сала кетерлік жайт, Қазақстан 2060-жылға дейін көміртекті бейтараптыққа қол жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ, 2050 жылға қарай елде жалпы энергия тұтынудың кемінде жартысы жаңартылатын және баламалы қуат көздерінің үлесіне тиесілі болмақ.