Мемлекеттік субсидия Алматы облысында балық шаруашылығының қанат жаюына ықпал етті. Кәсіпкер Мәрлен Тұрсынәлі 10 жылдан бері Есік өзенінің жағасында патша балық өсірумен айналысып келеді. Ол басқаратын кәсіпорын жылына 200 тонна форель өндіреді.
Мәрлен Тұрсынәлі, кәсіпкер:
- Қазіргі жағдайда сол су жағаларына балық шаруашылығын өсіруге рұқсат беріліп жатыр. Біздің осы қазіргі деңгейде шешіліп жатқан бірінші сұрағымыз. Екінші сұрақ, балық шаруашылығын салуға кеткен шығындарды субсидиялау жасау. Қазір оны да шешіп жатыр.
Облыстың балық шаруашылығы комитеті арнайы бағдарлама әзірлеп, өңірде 2021 жылы 3700 тонна тауарлы балық өндіру жоспарын қойды. Алдағы жылы бұл көрсеткіш 6 мың тоннаға жетуі тиіс.
Алмат Сүйеубаев, Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:
- Шабақ алатын болса, 50% қайтарылады. Жұмсалған ақшасының жартысы кәсіпкерлерге қайтып беріледі. Жеңілдіктер бойынша жемге қазір 30% субсидия қарастырылып жатыр. Сонымен қоса қосымша да жеңілдіктер мемлекет тарапынан қарастырылуда.
Айта кетейік, Алматы облысында балық өсірумен айналысатын 25 шаруашылық бар. Қапшағайдағы Африка жайынын ұстайтын кәсіпорынның өзі жылына 10 мың тонна балық өндіреді. Алынған өнімнің 60% Ресейге экспортталады.