«Хабар» Агенттігінің құрамындағы «EL ARNA» телеарнасына – 5 жыл. Бұл – тәулік бойы көркем фильмдер мен деректі жобалар көрсететін еліміздегі алғашқы арна. Кестеде отандық туындылармен қатар түркі әлемі мен Орталық Азия мемлекеттерінің «Алтын қорында» сақталған ленталар бар. Оған қоса арнаның шығармашылық тобы жыл сайын қысқаметражды фильмдер түсіріп, көрерменге ұсынып отыр.
Әсел Игісінова, «EL ARNA» телеарнасының режиссері:
- 5 жылда біздің арна телевизия нарығында өз орнын тапты десек артық айтпаймыз. Басында тарихи фильмдерді көрсетумен шектелсек, бүгінде өзіміз қысқаметражды кино түсіруді қолға алдық. Жылына 1-2 туындыны эфирге шығарамыз. Сондай-ақ спектакльдер мен театрдағы қойылымдарды түсіріп, қалың көрермен назарына ұсынудамыз.
Жақын арада бағдарламалар тізімі тағы да кеңейтіледі. Арна продюсерінің айтуынша, эфирге жаңа 17 жобаны шығару жоспарда бар.
Нұржан Асхатұлы, «EL ARNA» телеарнасының продюсері:
- Биылғы маусымда жаңа бағдарламалар қосылуда. Көрерменге географиялық, философиялық әртүрлі сапарды ұсынамыз. Оның ішінде танымдық бағдарламалар да бар. Осы маусымда өнер, кино, медицина, білім сынды барлық саланы қамтыған бағдарламалар экранымызға шығады.
EL ARNA Шәкен Айманов атындағы киностудиямен тікелей жұмыс істейді. Мұнда түсірілген кинотуындыларды арнаның эфирінен көруге болады. Танымал режиссерлермен де келісімдер жасалған.
Айта кетерлігі, арна бірнеше кинофестивальге серістес болып, ұйымдастыруға атсалысқан.