Дүниежүзілік Денсаулық сақтау Ұйымы Қазақстанның
медицинадағы жетістіктері мен реформаларын жоғары бағалады. Ұйымның бас
директоры Тедрос Адханом Гебрейесус негізгі бағыттар қатарында ауылдық жердегі
алғашқы медициналық көмек пен инфрақұрылымды дамытуды, медициналық сақтандыруды,
қызметтердің қолжетімділігін, сондай-ақ цифрландыруды атады. Сондай-ақ, отандық
фармацевтикалық саланың дамуына ерекше тоқталды - әңгіме еліміздің өз
дәрі-дәрмек өндірісінің дамуы туралы болып отыр. Бұл азаматтарды өмірлік маңызға
ие препараттармен тұрақты қамтамасыз ету үшін аса қажетті. Сонымен қатар,
еліміз Дүниежүзілік ұйымның мақсатты көрсеткішіне қол жеткізіп, Қазақстан жұқпалы
емес аурулардан өлім-жітімді азайту бойынша үздік 10 елдің қатарына енді.
Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:
- Мен елдеріңіздің жетістіктеріне қуаныштымын. Дүниежүзілік
Денсаулық сақтау Ұйымы Қазақстанға дәрі-дәрмек айналымын реттеу саласындағы 3-деңгейлі
сертификат тапсырды. Бұл жүйені халықаралық стандартқа сәйкестендіруге
бағытталған көп жылдық жұмыс нәтижесі - бүгінде ел осы талаптарға сай келді.
Айтпақшы, Қазақстан – осы жетістікке жеткен Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет және
әлемдегі санаулы елдердің бірі. Бұл жетістік Қазақстанда жергілікті дәрі-дәрмек
өндірісін дамытуға және оның сапасын арттыруға ықпал етеді.

