Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19-ға байланысты жаңартылған стратегиялық дайындық және жедел әрекет ету жоспарын ұсынды. Ол жерде 2022 жылы пандемия дамуының үш ықтимал сценарийі жасалған. Сарапшылардың айтуынша, вирус өз дамуын жалғастыра бермек, бірақ уақыт өте келе індетті жеңіп шыққандар мен вакцинаның әсерінен иммунитеттің жоғарылауына байланысты инфекцияның ауырлығы төмендейді.
Сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болашақта топтық иммунитеттің әлсіреуінен ауру мен өлім-жітім артуы мүмкін екенін де атап өтті. Бұл өз кезегінде халықтың осал топтары үшін мерзімді иммундауды қажет етуі мүмкін.
Айта кетейік, халықаралық ұйымның мәліметі бойынша, соңғы аптада әлемде 10 млн-нан астам адам коронавирус жұқтырып, 45 мыңнан астам адам қайтыс болған.