Бокстан Қазақстан құрамасы Сербиядағы Әлем чемпионатынан елге оралды. Olympic.kz порталының хабарлауынша, чемпиондарды елордалық жанкүйерлер жылы қарсы алды. Белградта өткен жарыста қазақстандық боксшылар екі алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алғанын айта кеткен жөн. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша, бас бапкер Қайрат Сатжановтың басшылығымен топ жалпы медаль кестесінде екінші орынға ие болды.
Сәкен Бибосынов, бокстан Әлем чемпионы:
- Әлем чемпионы деген атаққа қол жеткіздім. Бұл тек қана менің жеңісім емес. Ата-анам, бапкерлерім мен жалпы қазақ халқының арқасында осындай нәтижеге қол жеткіздім. Алдағы жарыстарда да елімізге тек қана алтын сыйлау үшін аянбай еңбек етеміз.
Теміртас Жүсіпов, бокстан Әлем чемпионы:
- Рингке шыққанда бүкіл Қазақстан біз үшін жанкүйер болғаны қатты сезілді. Қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын!
Авторы: Ақзер Сегізбай