Қазақстанда жақын болашақта халыққа қызмет көрсету орталықтарының қажеттілігі болмайды. Үкімет отырысында осылай деп мәлімдеген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің сөзінің жаны бар. Бүгінде арнайы орталықтарға жүгінбей-ақ мемлекеттік қызмет түрлерінің басым көпшілігін онлайн алуға болады. Салалық министр 2025 жылға дейін азаматтарға қашықтан кеңес беру мен қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін «Видео ХКО» жобасын жүзеге асыруды ұсынып отыр. Қазірдің өзінде бұл бейне тәсіл арқылы 13 қызмет қолжетімді. Жыл соңына дейін олардың санын 63-ке жеткізу межеленген. Сондай-ақ, Бағдат Мусин халыққа қызмет көрсету орталықтарында QR арқылы БАЖ салығын төлеу мүмкіндігін кеңейтуді құп көріп отыр.
Бағдат Мусин, ҚР цифрлық ДАМУ, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
– Біз Халыққа қызмет көрсету орталықтарында QR арқылы БАЖ-дарды төлеу мүмкіндігін енгіздік. Нәтижесінде, 5 айдың ішінде азаматтардың қаражаты 200 миллионнан астам теңгеге үнемделді. Тағы бір айта кетерлік жайт, барлық БАЖ-дарды мемлекеттік органдармен және басқада жергілікті органдарда болсын төлемдер қабылданса QR арқылы өткізу керек. Өз кезегінде бұл азаматтардың қаражатын үнемдеумен қатар, көлеңкелі экономиканы жоюға тағы бір қадам жасауға мүмкіндік береді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов