Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың Қазақстанда таралуының үш сценарийін жариялады. Ведомство басшысы Алексей Цойдың айтуынша, болжамдар әр екі апта сайын жаңарып отырады.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Оптимистік болжам бойынша қазір бізде тәулігіне 6 мың адам коронавирус жұқтырады. Ал тамызда вирустың таралуы шарықтау шегіне жетеді. Реалистік сценарий бойынша, ол 9 мыңға дейін жетеді. Ал, пессимистік тұрғыда бұл көрсеткіш 11 мыңға дейін жетуі мүмкін. Сосын төсек орындарға қарай шешім қабылдаймыз. Карантин күшейтіле ме, жоқ па сонда белгілі болады.
Сонымен қатар денсаулық сақтау министрі Қазақстанда 12-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерге «Pfizer» вакцинасын егу жоспары туралы айтты. Алексей Цойдың айтуынша, 2 млн доза препарат жеткізу жөнінде келісім жасалған. Бұл препарат осы жылдың тек төртінші тоқсанында салына бастайды.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Балаларды вакциналау тек қана ата-аналарының рұқсатымен жүргізіледі. Біз тек осы мүмкіндікті ұсынамыз. Министрлікке екпе алуға өтініш күн сайын келіп түсіп жатыр. Көпшілік балаларын да коронавирустан қорғағысы келеді. Өкінішке қарай, біз ересектер үшін бұл мүмкіндікті береміз, бірақ балаларға мұндай мүмкіндік әзірге жоқ. Ал болашақта бұл – ата-ананың таңдауы.