Қазақстанда қатерлі ісікке қарсы отандық препараттың клиникалық зерттеу
жұмыстары жалғасып жатыр. Ғалымдар Қазақ онкология және радиологиялық ғылыми-зерттеу
институтының мамандарымен бірлесе жаңа дәрінің тиімділігі мен қауіпсіздігін
тексеруде. Оның қазіргі нәтижесі туралы осы дәріні ойлап тапқан маман – Дос
Сарбасов айтып берді. Мәселен, бірінші кезеңде, препарат 15 науқасқа егілген.
Бастапқыда аз мөлшерде, кейін оның көлемі ұлғайтыла берді. Нәтижесінде ғалымдар
ісіктің ұлғайуы тоқтағанын байқаған. Ал, бір науқаста, тіпті, үш есе
кішірейген. Оның үстіне, дәрігерлер препараттың зияндығы жоқ екенін мәлімдеді.
Клиникалық зерттеудің екінші кезеңінде ғалымдар препараттың тиімділігі артуы
үшін қанша мөлшерде науқасқа беру қажет екенін анықтамақ. Зерттеу жұмыстары
бірнеше жылға жалғасады. Тек содан кейін ғана нарыққа шығарылады деп күтілуде.
Дос Сарбасов, биолог, Назарбаев университетінің профессоры:
- Біз әсерін байқағаннан
кейін және онкологияның, яғни, қатерлі ісіктің қай түрі емдеуге бейімделгенін анықтаған
сәтте ғана 3-ші фазасына шығамыз. Ол дегеніміз - 1000 адамға бірден әсерін
тексеріп, зерттейміз. Бүгінде біз бірінші және екінші клиникалық зерттеулердің
нәтижесін ескере отыра, бір ғана онкологиялық орталықпен жұмыс істеп жатырмыз. Жақсы
нәтиже көріп, қатерлі ісіктің қай түріне қандай әсер беретінін зерделегеннен
кейін, өзге де клиникалармен жұмысты бастаймыз. Ол 2 жылдан кейін басталуы
мүмкін.