Әзербайжанның ұлттық кітапханасында қазақ әдебиеті туындыларының цифрлық нұсқалары жасалды. Шығармалардың көбі әзербайжан тіліне аударылған. Олардың арасында Жамбыл Жабаев еңбектері, тарихи және заманауи, бас-аяғы 45 туынды бар. Қалғаны аударылып жатыр. Электрондық база ресми таныстырылды.
Низами Мамедов-Тагисой, филология ғылымдарының докторы:
– Алғаш рет қазақтың «Қобыланды батыр» дастанын әзірбайжан тіліне аудардым. Жеті-сегіз буынды қазақ жырын сақтап қалдым. Әрине, біздің оқырмандарға қазақтың батырлық эпосының бар болмысын түсінетіндей етіп аударуға тырыстым.
Эльхан Зал Гараханлы, Махмұд Қашқари қорының төрағасы:
– Бір-бірімізді бауырлас халық деп атау жеткіліксіз, екі ел мәдени, әдеби байланыста болу керек. Мәселен Қашқари қоры соңғы 30 жылда қазақстандық авторлардың көптеген шығармаларын әзербайжан тіліне аударып шықты.
Цифрланған басылымдарды Әзербайжан мен Қазақстан елшіліктерінің ресми сайттарынан табуға болады. Электрондық ресурс барлық оқырманға ашық. Мамандардың айтуынша, бұл жоба өскелең ұрпақ үшін екі елдің тарихи және мәдени байланыстарын білуге көмектеседі.
Керим Тахиров, Әзербайжан Ұлттық кітапхананың директоры:
– Электрондық кітапхананы екі елдің де оқырмандары өз игілігіне пайдалана алады. Бұл туындылар әлемнің түкпір-түкпірінде қолжетімді. Әзербайжан ұлттық кітапхана Қазақстандағы екі ірі кітапханамен бірлесе жұмыс істеуде. Бұндағы қазақ әдебиетіне арналған бұрыш сан алуан кітаптарға толы. Топтаманы алдағы уақытта байыта түсеміз.