Францияның Авиньон атты шағын да сүйкімді қаласы ғасырлар бойы өнер және католик дінінің орталығы болған. XIV ғасырда бұл жерде Рим папаларының резиденциясы орналасқан. Бүгін мұнда жер жүзінің түкпір-түкпірінен мыңдаған туристер мен артистер жиналды. Олардың мақсаты біреу – қызықты оқиғаларға толы мың бояулы, ертегідей ғажайып Авиньон фестивалін тамашалау.
Орта Азия театрларының тарихында алғаш рет бірден екі шығармашылық ұжым: Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры және «Астана Мюзикл» театры Францияның Авиньон қаласында өткен атақты театр фестиваліне қатысты. Бағдарламада осы тамаша фестиваль туралы баяндалады.
Авиньон фестиваліне жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған театрлардың шеруі өтеді. Қалыптасқан дәстүрге сәйкес шілдеде Авиньон қалалық театрға айналады. Папалар билігінен мұраға қалған сәулеттік байлық өнер сиқырымен таңқаларлық салтанатты Мельпоменаның ғибадатханасына айналады. Прованстың аумағында қанат жайған театр эпопеясының тарихы 1947 жылдан басталады. Сол жылы атақты француз режисері Жан Вилар әлемдегі ең ірі театр фестивальдерінің біріне айналған мерекені бастайды. Жан Вилардың мақсаты – театр өнерінің көмегімен шығармашылыққа қызығушылық танытатын жас аудиторияны тарту еді.