Қарапайым адам жүрісінен энергия алып, оны медициналық диагностикада қолдануға бола ма? Әлем тұтасымен энергиядан құралған, ғаламның әр түкпіріндегі ғалымдар оны қолданудың түрлі жаңа әдістерін іздеуде. Қазақстанда зерттеуші Гүлнұр Калимулдина бастаған топ қозғалысты құнды медициналық деректерге айналдыратын сенсорларды жасап шығарды. Бұл деректер табан жалпақтығын ғана емес, аутизмнің ерте белгілерін де анықтауға көмектеседі. Технологияның бірегейлігі – ол сыртқы қуат көздерін қажет етпейді және деректерге анализ жасау үшін жасанды интеллектті қолдану арқылы медициналық диагностикада жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

