Ауғанстанның 50 қыз-келіншегі қазақстандық оқу орындарында білім алады. Бұл туралы Ташкентте өткен Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері Ауғанстан бойынша арнайы өкілдерінің басқосуында айтылды. Жиында елдегі дағдарысты еңсеру, экономиканы қалпына келтіру мен бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жайы қозғалды. Сондай-ақ арнайы өкілдер ауған халқына гуманитарлық жүк жеткізу үшін Өзбекстан қаласы Термезде көпфункционалдық көлік-логистикалық хаб құру туралы бастаманы қолдайтындарын жеткізді.
Талғат Қалиев, ҚР Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі:
- Біз Ауғанстанның көрші мемлекеттермен сауда-экономикалық байланыс орнатып, қауіпсіздікті арттыра түсуге үлес қосқанын қалаймыз. Өңір негізгі қауіп ошағы ретінде саналмауы тиіс. Осы бағытта ауған елінде гуманитарлық апатқа жол бермей, білім беру бағдарламаларын жалғастыратын болып шештік. Биыл осы мемлекеттен 105 қыз-келіншекке Орталық Азияның оқу орындарында білім алу мүмкіндігі беріледі. 50-і қазақстандық, қалғандары Өзбекстан мен Қырғызстандағы университеттерге оқуға түседі.