Астанада Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусы
ашылды. Нысан аумағы - 60 мың шаршы метр. Корпус 210 төсек-орынға арналған.
Поликлиникасы бар. Заманауаи құрылғылармен жабдықталған орталық пациенттерге
толық ем-дом жасай алады. Мұнда халықаралық қауіпсіздік стандарттарына
сәйкестендірілген Орталық Азиядағы алғашқы ауа тазарту мен радиоактивті
қалдықтарды жою жүйелерімен жабдықталған радионуклидтік терапия бөлімі де бар.
Протонды терапия да жұмыс істейді. Енді емделушілердің сау ұлпасын зақымдау
анағұрлым төмендейді. Бұл әсіресе балаларды емдеу кезінде өте маңызды.
Әділбек
Мұқажанов, Ұлттық ғылыми онкология оратлығы басқарма төрағасының орынбасары:
- Сәулелік терапияның, міне Қазақстанда ең ерекшелегі - бізде сәулелік
терапия жасайтын аппараттар орнатылған. Соның ішінде «Ethos» деген аппарат бар, оның басқалардан ерекшелігі - онда жасанды
интеллект бар, құрамында. Искусственный интеллект дейміз. Ол сеанстың
алдында науқасқа жоспарланған емді тағы бір тексеріп, науқасқа сеанс ол сәулелік терапия 1 айдай, 1.5 айдай уақыт созылады және ісік ол
кезінде азаюы, көбеюі, ұлғаюы мүмкін, сол кезде жасанды
интеллект оны тексеріп, дәрігерге белгі береді. Мынаны былай түзетіп,
сәулелік жаса. Сондықтан онда сол сәулелік емнің теріс әсерлері азаяды.
Онкологиялық орталықтың жаңа корпусы Президент Қасым-Жомарт
Тоқаевтың денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту стратегиясы аясында салынды. Жыл
сайын мұнда 10 мыңға жуық пациент емделеді. Қазақстандықтар қызметті міндетті
әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде тегін алады.
Скендер Сыла,
ДДСҰ өкілі, Қазақстандағы
ДДСҰ елдік кеңсесінің жетекшісі:
- Қазір
медицина, ғылым және қазақстандықтар үшін, сондай-ақ Орталық Азия мен басқа да
елдер үшін өте маңызды кезең. Себебі біз тұрған осы заманауи орталықта қатерлі
ісікті анықтауға арналған алдыңғы қатарлы әрі ең үздік құрылғылар орнатылған. Ал, қатерлі ісік - адамзат үшін ең күрделі ауру. Сондықтан оның алдын алу, ерте
анықтау және жедел емдеу адамдардың өмірін сақтап қалу үшін өте маңызды.
Сонымен қатар, Ұлттық онкологиялық орталықтың жаңа
ғимаратында радиофармпрепараттар шығаратын циклотронды-өндірістік кешен де бар.
Мұнда препараттың 11 түрін шығару жоспарланып отыр. Оның жетеуі Қазақстанда
алғаш рет жинақталады.

