Астанада Орталық Азия мемлекеттері жасыл құрылыс саласында ынтымақтастық келісіміне қол қойды

Астанада Орталық Азия мемлекеттері жасыл құрылыс саласында ынтымақтастық келісіміне қол қойды

Орталық Азия елдері аймақтағы экологиялық құрылысты бірлесіп дамытатын болады. Бүгін Астанада өңір елдерінің тиісті құрылымдары осы бағытта өзара ынтымақтастық бойынша меморандум жасасты. Құжат аясында тараптардың жасыл құрылыс саласында ғылыми-тәжірибелік ықпалдастығы кеңейе түспек. Бұл бағытта біздің өзгеге үлгі болар тұстарымыз көп. Қазақстанда қазіргі таңда халықаралық жасыл құрылыс талаптарына жауап беретін 100-ге тарта нысан бой түзеген. Олардың тең жартысы ұлттық стандартқа сай салынған. Біздің ел өңірде алғаш болып осы бағытта өз ережелерін құрған. Жалпы бүгінде бар қуаттың жартысына жуығын әлеуметтік нысандар, бизнес орталықтары мен тұрғын үй кешені тұтынады. Болашақта бұл көрсеткішті 15% дейін төмендету көзделген. Осының қамында елімізде түрлі мемлекеттік қолдау тетіктері іске қосылды. Отандық компаниялар «жасыл» құрылысқа қажетті материалдар шығаруға бет бұрған. 

 

Диас Байсейітов, Қазақстандық жасыл құрылыс кеңесінің даму бойынша директоры:

- Біздің «Өмір» атты экологиялық ғимараттар бойынша стандартымызға өзге елдердегі әріптестер үлкен қызығушылық танытып отыр.  Олар осы және жеңілдетілген жасыл ипотекалық қаржыландыру сынды түрлі мемлекеттік қолдау тетіктерін өздерінде ендіруге мүдделі. Бұған қоса келісім аясында заманауи оқу бағдарламаларымен бөлісетін боламыз. Яғни, жоғары оқу орындар арасынлда әріптестік орнайды. Заманауи құрылыс тәжірибелері бойынша инженерлер мен сәулетшілер өзара шеберлік алмасады. 

Темур Ахмедов, Өзбекстанның экологиялық құрылыс жөніндегі кеңесінің негізін қалаушы және директоры:

- Қазақстанда «жасыл» құрылыс бойынша үлкен жүмыстар атқарылып жатыр.  Осыған қатысты Ұлттық стандарт бекітілген. Өзбекстанда бұл бағытқа енді бет бұра бастадық. Сәйкесінше, Қазақстанның бұл тәжірибесінен аларымыз көп. Өз кезегімізде жергілікті әріптестерімізбен осы тақырыпта біздегі мектеп бағдарламасымен бөлісе аламыз. Осылайша, бір-бірімізді толықтырып, жалпы аймақта «жасыл» нысандарды ендіру үрдісіне серпін беруді жоспарлап отырмыз.