Астанада ислам каллиграфиясының көрмесі ашылды. Онда қойылған 30-ға тарта таңдаулы туындыларда құран аяттары мен ғибрат сөздер өрнектелген. Орталық Азиядағы каллиграфия өнерінің тарихынан сыр шертетін бұл құнды жәдігерлердің мәдени маңызы зор. Әрқайсысының рухани мәні бар. Шара аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркия шеберлері мен қолөнер дәстүрін сақтаушылар шеберлік сабақтарын өткізді. Олар өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп қана қоймай, каллиграфияның көркемдік ерекшеліктері мен стиль әртүрлілігі туралы әңгімелеп берді. Көрмеге қатысушылардың бірі - қазақстандық Асылбек Орынбасар. Ол ислам каллиграфиясы саласындағы түрік майталмандарынан рұқсат алған Орталық Азиядағы жалғыз маман. Оның еңбектерімен еліміздің ірі мешіттері безендірілген. Отандық шебер мақсатым қазақ жерінде осынау көркем өнерді жаңғырту дейді.
Асылбек Орынбасар, каллиграф:
- Бамбук калам - дәстүрлі каллиграфияның
негізгі құралы. Оның тарихы тереңде жатыр. Каллиграфия – ғасырлар бойы қалыптасқан өнер мен руханияттың айнасы. Уақыттың өзімен сыналған көне құрал. Қалам темір емес,
сондықтан өте ыңғайлы әрі жеңіл. Егер металдан жасалса, ұзақ уақыт бойы әдемі
әрі анық жазу қиынға соғар еді. Бұл іс шеберлікпен қатар, шыдамдылық талап
етеді.
Алмат Абсаликов, Қолжазбалар және сирек
кітаптар орталығының бас сарапшысы:
- Каллиграфияның бірнеше түрі бар. Ол тек
араб қарпімен ғана жазылмайды. Ол латын графикасымен, тіпті бұл өнер кириллица әріптерімен
де жазыла береді. Жалпы құснихаттар кітаптің қайда және кіммен жазылғанын,
автордың кім екенін танытуы тиіс. Оның шеберлігі мен қолтаңбасын айшықтап
тұрады. Яғни, бұл көне өнер үлкен өркениеттің нышаны. Мәселен, түркі, парсы
немесе шағатай тілдерінде жазылған қолжазбаларды зерттейтін археографтар үшін
каллиграфияны зерттеу осы тұрғыдан өте маңызды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

