Қазақстанда алдағы жылы экологиялық мемлекеттік
аудит жүргізіледі. Әзірге бұндай тексерістер пилоттық режимде енгізілмек. Бұл жұмыстар
елдің жоғары аудиторлық палатасының үздік сарапшыларының мойнына жүктелген. Сала
мамандардың пайымынша, зерттеу нәтижелері отандық ондіріс ошақтарында «жасыл»
тексерулер жүргізу әдіснамасын жетілдіруге, сондай-ақ экологиялық кодекстің қолданыстағы
ұлттық стандарттарына түзетулер енгізуге мүмкіндік береді. Ол жөнінде бүгін
елордада өтіп жатқан ASOSAI аудиторларының халықаралық форумы барысында белгілі
болды. Оның жұмысына Азия мен Еуропаның 16 елінен келген салалық палаталар және
қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Расул Рахимов, Жоғары
аудиторлық палатаның мүшесі:
-Жоғары аудиторлық
палата бірнеше жылдан бері экологиялық аудитті енгізудің жаһандық технологиясын
сынақтан өткізуді қолға алған болатын. Қазақстан үшін бұл өте маңызды. Себебі,
елде климаттың өзгеруіп баратыны байқалады. Ауа-райының тылсым мінезін жиі
көретін болдық. Таза ауыз су тапшылығы сезіледі. Сондықтан да, экологиялық
аудит жүргізудің кезі келді. Осыған орай елде ASOSAI экологиялық аудиторлар
форумы ұйымдастырылды. Азия өңіріндегі аудиторлардың халықаралық ұйымы осы
бағытқа басымдық беріп келеді.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан климаттық саясатты дамытуға ерекше көңіл
бөледі. Бұл ретте елде жаңа су кодексі әзірленуде. Оны үстіміздегі жыл соңына
дейін қабылдау жоспарланған. Жалпы, қоршаған ортаның ластануы және климаттың
өзгеруі тәуекелдерін төмендету бойынша кешенді жұмыс ел қабылдаған халықаралық
міндеттемелер шеңберінде жүргізілуде. Олар туралы форумда экология
министрлігінің өкілдері тағы бір еске салды.
Мансұр Ошурбаев, ҚР
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі:
-Мемлекет басшысы биыл
ақпан айында 2060 жылға дейінгі стратегияға қол қойды. Құжатқа сай Қазақстан
шығындыларды 15% төмендетуге міндетті. Ол үшін не істеу керек? Бұл экологиялық
аудитке тікелей қатысты. Қазіргі таңда бұл бағытта озық үлгідегі қолжетімді
технологиялардың анықтамалары әзірленуде. Онда, елімізде табиғатты
пайдаланушыларға қатысты деректер келтіріледі. Ауаға зиянды затарды ең көп
бөлетін 50 компания өз өндірісіне тиімді экологиялық жобаларды ендіреді.