Қыс мезгілінде балалар жарақатының алдын алу жөнінде мамандар кеңесі

Тілші:

Құлаудан қорыққан – үйінен шықпас. Дегенмен, қазіргі қайнаған өмірде адамдар әрлі-берлі ағылып, асығып жүреді. Әсіресе қыстың көктайғағында асығамын деп абайсыздық танытып тайып құлап,  жыл сайын жүздеген адам ауруханаға түседі. Әсіресе, қыс мезгілінде көшеде белсенді серуендеуді ұнататын ойын балалары түрлі дәрежеде жарақат алып жатады.     

Мамандардың айтуынша, қыс мезгілінде балалардың құлап жарақаттанып қалуының дені шанамен сырғанау әлде шаңғы, коньки тебе білмеудің кесірінен туындап жатады. Көп жағдайда қауіпсіздік ережелері еленбейді. Ондай келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін мамандар ересектерге сақтық таныту керек деген кеңес береді.

КУАНЫШ ӘЛІМБЕТОВ, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

 - Қар ойындарына келер болсақ, ең алдымен баланың киімі мен оған қажетті құралдары ұқыпты дайындалып, жақсылап сайланғаны маңызды. Ол баланың жасына сәйкес келуі тиіс. Осыған мән берген жөн. Шаңғы немесе коньки тебер алдында оның дұрыс бекітілуін қаперге алу керек. Ал шанамен сырғанаған кезде оларды бір-біріне жалғау қауіпті екенін түсіндіру керек. Ондай жағдайда бірі аударылса, артынан бәрін аударуы мүмкін.

Қауырт маусымның көктайғағымен қатар, сары шұнақ аяздары да аса қауіпті Арқа мен солтүстіктің қақаған суығында сыртта ұзақ қалуға болмайды. Температура нөлден сәл түссе де денені үсік шалуы ғажап емес дейді мамандар. Қыс мезгілінде ауа райы дымқыл келеді. Сондықтан жылы киініп жүрген дұрыс.

КУАНЫШ ӘЛІМБЕТОВ, ҚР ДСМ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

 - Қыс мезгілінде ауа райы күрт өзгеріп тұрады. Көбіне алдамшы болады. Күн шығып тұрғанның өзінде қыстың аты қыс, сондықтан ауа райын бақылап отыру керек. Соған сәйкес киінген жөн. Әсіресе балаға үлкен назар аударып, оның киіміне аса жауапкершілікпен қараған жөн. Білектері мен мұрны жалпы бет тұсы ашық қалмаған абзал. Үсік шалмас үшін денені қымтап жауып жүру керек.

Сондай-ақ, мамандар балаларға түрлі-түсті ашық боуы бар киім кигізген жөн деген кеңес береді. Қыста күн ерте батады. Жол тек жаяужүргіншілер үшін ғана емес, көлік жүргізушілері үшінде тайқақ. Сондықтан сақтық таныту кімге болсын маңызды.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов