1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО – 1925 көрмесі аясында өткен Дүниежүзілік музыкалық байқауда қазақтың халық әндері «Балқадиша», «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Жалғыз арша», «Үш дос» және т.б. әндерін орындап, Әміре 2 жүлдемен және күміс медальмен марапатталды. Ромен Роллан, Анатолий Луначарский, Әлкей Марғұлан, Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов қазақ әншісінің қайталанбас дауысы мен таңғажайып орындаушылық таланты туралы жазды. Ал ЭКСПО көрмесі кезінде «Париж апталығы» газеті (1925, 24-26.07) атап өтті: «Сиқырлы дауыс иесі Әміре Қашаубаев ұлттық аспап домбыраның сүйемелдеуімен өз халқының ән-жырын тамылжыта шырқады, оның даусы адамның жан дүниесін тебірентеді». 1927 жылы Майндағы Франкфуртте өткен Дүниежүзілік музыка көрмесінде өнер көрсетті. Белгілі этнограф А.В.Затаевич Әміренің ән өнерін жоғары бағалап, оның орындауында көптеген халық әндерін жазып алған. Техникалық өңдеуден кейін олар күйтабақтарға жазылды.