Мегаполистің экобелсенділері осылай деп дабыл қағуда. Бұған ғарыштан түсірілген фотосуреттер де дәлел. Наурызбай ауданының шетіндегі қазандық әуелде құрылысқа қажетті материал алу үшін қазылған. Қайта қалпына келтірілмеген шұңқыр қазір қоқыс төгетін орынға айналған.
Салтанат Тәшімова, «Алматыны қорғаймыз» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
- Карьер мен үйлердің арасы бірнеше метр ғана. Ал талап бойынша мың метр болуы тиіс. Тұрғындардың шағымы облысқа жіберіледі, бірақ ешқандай шара қолданылмайды. Сондықтан мәселеге ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі назар аударса дейміз.
Қалада мұндай тұрмыстық және құрылыс қалдықтары үйілген бірнеше жер бар. Ғарыштық мониторинг қызметі арқылы бір ғана Медеу ауданында 9 заңсыз қоқыс алаңы анықталған.
Мирас Байсейітов, «ҚазЭкология» республикалық ғылыми-өндірістік орталығы бас директорының міндетін атқарушы:
- Қалдықтарды өңдейміз деп қазандық қазып, қоқыс қабылдайды. Оның ішінде тыйым салынған органикалық қалдықтар да бар. Мұның бәрі топырақты, жерасты суларын ластайды. Жерді пайдалану құқығы да сақталып жатқан жоқ. Ашық жатқан қоқыстың иісі ауаға тарап, жақын жердегі тұрғындарды улайды.
Қалдықтардың мемлекеттік кадастрына сәйкес, 2021 жылдың басында Қазақстанда 16,3 млрд тонна қоқыс жинақталған. Бұл көрсеткішке заңсыз төгілген қоқыстар көлемі кірмеген. Мамандар жаңа Экологиялық кодекс бойынша жүйелі жұмыс істелгенде ғана бұл мәселе шешімін табады деп отыр.