Бүгінгі бөлімде Алматының маңайында шешек атқан лотос гүлін тамашалаймыз.
Қазақстандағы ең үлкен телескоп тұрған обсерваторияны аралап, экскурсия жасаудың сәті түсіп тұр.
Сондай-ақ табиғаттың керемет сыйын өз көзімізбен көру үшін, Түрген шатқалын аралаймыз.
Алматының маңайында, маусым-қыркүйек айларына табиғаттың ғажайып құбылысы орын алады. Қолдан жасалған су қоймаларының бірінде лотос гүлі шешек атады. Гүлдің көптігі сонша, су айдынын әдемі жасыл кілем сияқты жауып жатыр. Лотостың мұндай түрі Қазақстан бойынша екі-ақ жерде: еліміздің солтүстігінде және Алматы облысында өседі. Будда мәдениетінде лотос гүлі тазалықтың белгісі болып саналады. Ол лайлы, батпақ суда пайда болады, бірақ кіршіксіз, тап-таза болып өседі.