Қазақстандағы республикалық референдумды халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің 272 өкілі бақылайды. Еске сала кетейік, жалпыхалықтық дауыс беру маусымның бесі өтеді. Еліміздің Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша аккредиттеуге республикадағы Еуропалық Одақтың өкілдігінен, сондай-ақ Германиядан, Индонезиядан, Ираннан, Солтүстік Македония мен Эстониядан 14 байқаушы ұсынылды.
Референдумға дайындық: 70 мың адам оқудан өтеді
Айта кетейік, республикада референдум бойынша дайындық қарқын алды. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров 70 мыңнан астам маман онлайн және оффлайн форматта арнайы оқудан өтетінін айтты. Оқу процесі бірнеше кезеңнен тұрады.
Нұрлан Әбдіров, Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы:
– Дәстүрлі оқыту форматымен қатар орталық комиссия гибридті онлайн/офлайн форматта тағы үш үлкен семинар өткізді. Біріншісі – республикалық және облыстық қоғамдық бірлестіктерге арналған. Одан кейін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау секторында жұмыс істейтін Үкіметтік емес ұйымға және БАҚ өкілдеріне жеке оқыту семинарын өткіздік.