Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық пәндік олимпиадалардан жүлделі орындар алып, жеңіс тұғырынан көрінген оқушылар марапатталды. Математика, физика, биология, химия және информатика пәндері бойынша жүзден жүйрік шыққан оқушыларға «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының құрмет грамоталары табысталды.
Абылай Саматов, Қарағанды қ. №1 «Білім-Инновация» лицей-интернатының химия пәні мұғалімі:
- Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде осы салада үлкен прогресс бар деп ойлаймын. Себебі осыдан 15 жыл бұрын өзім осындай халықаралық олимпиадаларға қатысқанмын. Қазір мемлекет тарапынан оқушылардың халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатыса алуы үшін барлық мүмкіндік жасалуда.
Санкт-Петербургте өткен халықаралық математика олимпиадасына қатысқан оқушыларымыз да ел қорын тағы 6 медальмен толықтырды. Жүлдегерлердің бірі – астаналық оқушы Фетхуллах Сам.
Фетхуллах Сам, «Spectrum International School» мектебінің 12-сынып оқушысы:
- Олимпиадада екі тур болды. Біз жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. 3 күміс, 1 алтын және 2 қола алдық. Былтыр да қатысқанмын, бірақ тек мақтау қағазымен марапатталдым. Бұл жүлде университетке түсер кезімде көп көмек берері сөзсіз.
Айта кетейік, олимпиада әлемнің түрлі елінде онлайн форматта өтті. Еліміздің зерек оқушылары 2 алтын, 13 күміс және 11 қола, жалпы айтқанда 26 медаль жеңіп алды.