Ел астанасы жаңажылдық бояулармен жарқырады. Қаланың қай бұрышына барсаңыз да, жарқ-жұрқ еткен шыршалар мен ертегі еліне елітетін түрлі атрибутқа көзіңіз түседі. Енді елорда саябақтарында жай қыдырып қана қоймай, Аяз ата мен Ақшақардың мүсіндерінің жанында естелікке суретке түсуге болады. «Әрбір безендірілген орын қолжетімділік қағидаты бойынша дайындалды», - дейді жергілікті урбанистер. Яғни қаланың әрбір ауданында қысқы ертегілерді сүйетіндер үшін өзіндік тартымды орындар бар.
Елнар Базыкен, Нұр-Сұлтан қаласы урбанистика орталығының жетекшісі:
- Сарыарқа ауданының алаңы безендірілді. «Demalys Promenade» қыста да іске қосылады. Далада мұз айдыны, лабиринт түріндегі жарық, шыршалар мен жаңажылдық карета болады. Орталық жағалауға келер болсақ, мұздан қала жасадық.
Елорданың ең кішкентай тұрғындары үшін Алматы ауданында «Зверополис» тақырыбына қатысты қысқы жоба ашылады. Танымал мультфильмдегі кейіпкерлер кішкентай қондырғылар түрінде жасалған. Сондай-ақ қысқы мерекенің тағы бір айрықша атрибуты – сырғанақтар. Оларды Нұр-Сұлтанның кез келген саябағынан табуға болады.
Елнар Базыкен, Нұр-Сұлтан қаласы урбанистика орталығының жетекшісі:
- «КеруенCity» және «Думан» ойын-сауық орталығының жанында тұрғындар арасында өте танымал болған төбешік-сырғанақтар бар. Сондай-ақ «Керуен» ойын-сауық орталығының маңында ағаш төбешіктер салынды, ол жерде тұрғындар қысқы демалысын өткізе алады. Сырғанақтар қазірден бастап жұмыс істеп тұр.
Ал коньки тепкенді ұнататын қала тұрғындары үшін арнайы тосынсый ойластырылған. Орталық саябақта төбешік-сырғанақтардан басқа жаңа мұз айдыны салынуда. Оның ерекшелігі – жарық орнатылған ағаштардың ортасында болуы. Сондай-ақ мұз айдынының жанында төбешік-сырғанақ болады. Ол жерден сырғанаушылар жарқ-жұрқ еткен шамдардың арасынан өтеді.
Бұл жаңажылдық атмосферанының басым көпшілігін елордалық демеушілер қаржыландырғанын айта кеткен жөн.
Авторы: Ақзер Сегізбай