ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Мемлекет басшысына Ақтау маңында ұшақ апаты
салдарынан жолаушылардың, соның ішінде Қазақстан азаматтарының қаза болуына
байланысты көңіл айтты. Бұл ретте ұшақ апатынан аман қалған 14 Әзербайжан
азаматы еліне оралғанын айта кеткен жөн. Бакуге арнайы рейспен жеткізілген
науқастардың жартысы қажетті ем-дом алу үшін клиникаларға жатқызылды. Қазіргі
уақытта Маңғыстау облысының көпбейінді ауруханасында әлі алты адам ем алып
жатыр. Оның үшеу Әзербайжан, өзгесі Қырғыз мемлекеттерінің азаматтары. Олардың
төртеуі ауыр халде. Зардап шеккендердің барлығына қажетті медициналық көмек
көрсетіледі. Еске салайық, қазір Ақтау маңында орын алған ұшақ апатының себебін
анықтау үшін вице-премьер-министр бастаған үкіметтік комиссия жұмыс істеуде.
Арнайы баспасөз мәслихатында Қанат Бозымбаев еліміздің заңнамасына сәйкес Ресей
мен Әзербайжанның құқық қорғау органдары криминалистік тергеуге жіберілмейтінін
мәлімдеді. Сондай-ақ, ресми тергеу нәтижелерін күтуге шақырды.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Қорытынды шыққанда ғана белгілі болады. Бізге әлі ешкім нақты нұсқасын
айтқан жоқ, ресми түрде біз Ресейден де, Әзербайжаннан да ешқандай нұсқаны
алған жоқпыз. Сондықтан қандай да бір ақпаратты растай да, жоққа да шығара
алмаймыз.
Әуе апатында зардап шеккендердің және қаза болғандардың отбасыларына
қаржылық көмек көрсетіледі
Әзербайжан әуе жолдары зардап шеккендерге және қаза
тапқандардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетеді. Қазақстандықтар мемлекет
тарапынан бір жолғы да, ай сайынғы да қолдауға ие болады. Ал, асыраушысынан
айырылғандар кәмелетке толғанға дейін ай сайын көмек алады.
Ақмәди Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші
вице-министрі:
- Кепілдендірілген мемлекеттік төлемдерге келетін болсақ, республикалық бюджет желісі бойынша әрбір отбасы бойынша тиіс төлемдер жүзеге асырылады. мен әрбір отбасы туралы айта алмаймын, бұл жеке деректер. Мысал ретінде бір отбасына асыраушысынан айырылу бойынша 138 мың теңге, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры желісі бойынша 357 мың теңге көлемінде көмек көрсетіледі.
Бүгін Бразилиядан Ақтауға ұшақ шығаратын Embraer зауытының өкілдері келді.
Сонымен қатар, алдағы күндері Авиациялық оқиғаларды тексеру және болдырмау
орталығының мамандары елімізге келеді деп күтілуде.

