Қазақстанда наножарықпен жұмыс жасайтын заманауи жылыжай желісі құрылады. Нұр-Сұлтан қаласының индустриялық аймағында орналасқан биотехнологиялық шаруашылық әзірге еліміздегі жалғыз жылыжай. Бірегей нысанда 3 жыл бойы қызанақ пен қияр өсіріледі. Ерекше жобаның иесі – Амангелді Таукенов. Ойын жүзеге асыру үшін бағбан «Ғылым қорынан» 200 млн теңгеден асатын грант алған.
Амангелді Таукенов, жоба авторы:
- Өнертабыстың ерекшелігі - оның жұмысында жарықдиодты сәулетарақыштың негізінде нанобөлшектердің қолданылуында. Ол қажетті көлемде және дұрыс бағытта жарық беруге мүмкіндік жасайды. Нәтижесінде, өсімдіктің шығымдылығы артып, жылдам өседі. Өнімділік орташа есеппен 20-30% артты. Өнім сапасымен қоса дәстүрлі қуат көзіне қарағанда энергия 50-70% аз жұмсалатын болды. Яғни үнемдеу көлемі артады. Жылыжайды не үшін салдық? Осы жоба арқылы жылыжай шаруашылығымен айналысатындарға жарық диодты жүйенің жақсы нәтиже беретінін іс жүзінде көрсеткіміз келді.
Агрономның айтуынша, жаңа әдістің көмегімен жылыжайдың бір шаршы метрінен 90 килограмға дейін өнім жинауға болады. Кешеннің жалпы егістік аумағы 6 мың шаршы метрден асады. Көкөністердің сапасы мен шығымдылығына және тез пісуне қол жеткізу үшін нанобөлшектерден бөлек заманауи технологиялар да қолданылады. Соның бірі – ауаның ылғалдылығы мен температураны реттеуге арналған автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесі. Нәтижесінде жыл он екі ай үзбей өнім алуға мүмкіндік бар.
Арын Орсариев, «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы:
- Бұл – қазақстандық және иллинойстық ғалымдардың бірлесіп ойлап тапқан нанотехнологиясы. Олар жарықты өзгертуге мүмкіндік беретін нанобөлшектерді құрастырды. Осының әсерінен өсімдіктер жылдам өнеді. Астықты елдің дәнді-дақылдарын инновациялық тұрғыда жетілдіру үшін бұл таптырмас жоба. Өнертабыс жарықтың дұрыс бағыттаумен қатар, өнімділікті арттыратыны қуантады. Бұл жобаға 200 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Есесіне өнімді сатудан қазірдің өзінде ел экономикасына 500 млн теңге қайтты.
Қазақстанда ғылыми жобаларды коммерцияландыру ісі кешенді түрде қолға алынған. Өнертабыс иелерінің тың идеяларын Үкімет «Ғылыми қоры» арқылы қаржылай қолдап жатыр. Соңғы 5 жылдың ішінде 200 астам заманауи бастама іріктеліп, 150-і байқау сараптамасынан өтті. Бүгінде 103-і отандық нарықта табысты жұмыс жасап келеді. Ал 13-і өнімдерін сыртқа экспорттайды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов