Азия Даму банкі өткен жылы Орталық және Батыс Азия елдерінің дамуына 6,5 млрд доллардан астам қаржы бөлді. Бұл сома бірінші кезекте аймаққа коронавирус пандемиясының тигізген салдарын қалпына келтіруге бағытталды. Халықаралық қаржы институты былтыр атқарылған жұмысты қорытындылады. Азия Даму банкі өткен жылы Қазақстанда ел Үкіметімен бірлесіп бірқатар жобаны жүзеге асырған.
Нариман Маннапбеков, АДБ Қазақстандағы директоры:
- Пандемия басталғанына үш айдай ғана уақыт өткенде, шілде айында Азия Даму банкі ел Үкіметіне 1 млрд АҚШ долларын құраған займ берді. Ол қаржы қатерлі індетпен күрес, пандемияның ел экономикасына тигізер кері әсерін жеңілдету, денсаулық сақтау саласы мен халықты әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту жүйесін қолдауға бағытталды. Бұған қоса, бірнеше грант мақұлданды. Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек министрлігіне бөлінген 3 млн доллар халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне дәрі-дәрмек сатып алу мен оларды жеткізуге жұмсалды.
Сондай-ақ Азия Даму банкі Қазақстанда негізгі экономикалық секторларда бірнеше жобаны жүзеге асыру үшін 7 млн доллар қаржы бөлді. Бұл – «жасыл» қаржыландыру, көлік пен қалалық инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға қатысты бастамалар.
Нариман Маннапбеков, АДБ Қазақстандағы директоры:
- Банк Ұлттық экономика министрлігіне COVID-19-ға қарсы жедел кешенді шараларды қолға алу үшін құрылған қорға 1 млн АҚШ доллар көлемінде грант қарастырды. Қазіргі таңда осы қор Үкіметпен бірлесіп халықты жұмыспен қамту және бизнесті дамыту үшін тиімді әрі сұранысқа ие мамандарды қайта даярлауға бағытталған жұмыстарды атқарып жатыр. Бұл – пандемия салдарын жеңілдетуге арналған шаралардың бірі.
Бүгінде еліміздің жеке секторында да бірқатар жоба қолға алынған. Оның төртеуі агроөнеркәсіп кешенінде, үшеуі энергетика саласында. Соңғы екеуі жаңартылған қуат көздерін дамытуды көздейді. Үш жылға арналған бизнес-жоспар аясында Қазақстанда тұрғын үй шаруашылығы мен көлік және қаржы секторларында жаңа бастамаларды жүзеге асыру жоспарланған. «Бұл тізім әлі толықтырылатын болады», – дейді Азия Даму банкінің өкілдері.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов