2026 жылға қарай Қазақстанда бес шекара хабы салынады

Бұл туралы елдің Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Осылайша, Қырғызстанмен шекаралас Жамбыл облысында өндірістік сауда-логистикалық кешен құрылады. Түркістан облысында Өзбекстанмен шекаралас – «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын,  Батыс Қазақстан облысында Ресеймен шекарада «Еуразия» трансшекаралық сауда орталығын салу жоспарланып отыр. Маңғыстау облысында «Каспий торабы» контейнерлік хабы пайда болады, ал Қытаймен шекарада «Қорғас торабы» шекара кешені салынады. Сауда-логистикалық хабтардың қызметі қоймалау, сақтау, қайта өңдеу, жаңа тауарлар өндіру саласындағы өндірістік кооперацияны қамтамасыз етуге және оларды халықаралық тауар өткізгіш жүйелерге шоғырландыра отырып, одан әрі сатуға бағытталады. Трансшекаралық хабтар Қазақстан өңірлері кәсіпорындарының экспорттық әлеуетін дамытуға ықпал етеді деп болжануда.