Қазақстандағы IT қызметтер
экспорты жыл соңына дейін жарты млрд долларға жетуі мүмкін. Астана хабтың
басшысы бұндай тың үрдісті елде сала бойынша ірі шетелдік компаниялармен
бірлескен кәсіпорындардың көптеп ашылуымен байланыстырады. Бүгінгі таңда
аталмыш ұйымның халықаралық технопарк базасында олардың саны үш жүзден асты. Бұл
хаб қатарына тіркелген барлық резиденттердің төрттен бір бөлігін құрайды.
Мағжан Мәдиевтің айтуынша, олардың айти өнімдерін қолдап, өндіріс жолына қою
және шетел нарқына шығару үшін барлық
жағдай жасалған.
Мағжан Мәдиев,
Astana Hub бас директоры:
-Еліміздің барлық өңірлерінде білім беру бағдарламалары, ұтқыр жоба иелерін
қолдау және стартаптарды жетілдіруге қатысты бірқатар бағдарлама іске қосылды. Біз
Орталық Азия, Моңғолия, Әзербайжан, Грузия аймағындағы Google For Startups
серіктесіміз. Бүгінде аталған акселерациялық бағдарламаға осы елдердің
барлығынан стартаптар түсіп жатыр. Біз оларды тек Қазақстанда, Астанада ғана дамытпаймыз. Үздік жоба авторлары әлемдік айти бизнестің астанасы деп танылған Кремний алқабына 6 айлық бағдарламаны меңгеріп қайтуға мүмкіндік береміз. Ол жерде біз Орталық Азияның өз айти хабын ашуды
қолдадық.
Бұл ретте былтыр
бұл саланың отандық қызметтерінің экспорты бірден 5 есе өсіп, 300 млн доллардан
асып жығылғанын айта кету керек. Оның жартысына жуығы Астана хабтың үлесіне
тиесілі. Осы жылдың алғашқы жартысында ғана технопарк қатысушыларының кірісі
161 млрд теңгенің межесін бағындырды. 31
млрд теңге көлемінде инвестиция тартылды. Мағжан Мәдиев Президент жүктеген міндеттерді
жүзеге асыру аясында Астана Хаб жұмысының басым бағыттарына да тоқталды
Мағжан Мәдиев,
Astana Hub бас директоры:
-Біріншіден
венчурлік қаржыландыру көлемін ұлғайту. Яғни, инвестициялаудың осы түрінің жаңа
тетіктерін құру. Біз түрлі қорлар мен қаржы институттарын біздің стартап
жобаларды, компанияларды көбірек қаржыландыру үшін тартатын боламыз. Бұл – мақсатқа
жетудің бір жолы. Сондай-ақ, адами капиталды арттыруға күш жұмсаймыз.