Бүгінде ғалымдар осы бағытта түрлі жаңашылықтарды ойлап табуда. Солардың бірі – Тұрарбай Бектаров. Оның ойлап тапқан жобасы жарықтандырылып, тасжолдың ішіне орналастырылады. Бұл тұманды жағдайда немесе түнде өткелдің жақсы көрінуін қамтамасыз етеді.
Тұрарбай Бектаров, жас өнертапқыш:
- Қазіргі уақытта жолаушылар зебраларын жыл сайын бояу қажет. Ол үшін көлік қозғалысы бұл аймақта тоқтатылуы тиіс. Мұның барлығы қосымша шығындарды қажет етеді. Ал, бұл жоба 10 жылдан артық қызмет ете алады. Мұндай ақылды жол таңбалау жүйесі еуропа қалаларында қолданылады. Қазақстанда жыл сайын жаяу жүргіншілермен соқтығысуы көп тіркеледі. Мұндай жүйе бұл статистиканы 2 еседен астам қысқартуы мүмкін.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдарда жанып тұратын жол өткелдері орнатылған. Бүгінде Алматы облысында осындай бес жаяу жүргіншілер өткелі жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп тұр. Негізінен олар жаяу жүргіншілер ағыны айтарлықтай жоғары аумақтарда - елді мекендердің, оқу орындарының, медициналық пункттердің және т.б. маңында орнатылады.
Ләззат Стамғазиева, «Қазавтожол» ресми өкілі:
- Жарық таңбалау қазір қолданыстағыларды алмастыра алмайды. Бірақ түнгі мезгілде арнайы гобо проекторларының көмегімен жарықтандырып көрсетіп тұрады. Проекция жүргізушілерге жолды кесіп өтіп бара жатқан жүргіншілерді 100-150 метр қашықтықтан байқауға мүмкіндік береді. Проекциялық зебралар ауа райының қолайсыз кезінде де анық көрінеді. Осындай ауа райы жағдайында автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге жолдағы ақ және сары жолақтар анық көрініп жатады. Бүгінгі таңда еліміздің тоғыз облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 30-ға жуық инновациялық жаяу жүргіншілер өткелдері бар.
Биылғы жылдың 5 айында Қазақстан жолдарында 4 жарым мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. Ішкі істер министрлігінің статистикасы бойынша, республикалық деңгейдегі жолдарда жарақат алудың ең жоғары деңгейі тіркелген. Әсіресе, жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден, бағдаршамның тыйым салынған бөлігінде өтіп кетуінен болады. Ал «жанатын» жол өткелдері сияқты жаңашылдықтар жаяу жүргіншілер арасындағы апатты азайту шараларының бір бөлігі.