Алдағы жаңа оқу жылында қазақстандық оқушылар мектепте білім алатын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. «Ал ата-анасы немесе өзі коронавируспен ауырған оқушылар уақытша қашықтан білім алады», – деді министр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Балабақшалар 20-25 бала топтарымен штаттық режимде жұмыс істейтін болады. Мектептерде 1-11 сыныптарды оқыту санитарлық шектеулерді сақтай отырып, дәстүрлі форматта жүргізу, сонымен қатар колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін штаттық режимде оқыту ұсынылады. Әрине, ата-аналары не өздері коронавируспен ауыратын және денсаулығы бойынша тәуекел топтарға жататын білім алушыларға уақытша қашықтан оқыту форматы бойынша білім алуды ұйымдастыратын боламыз.
Қазір аймақтардағы білім ошақтары дайындық шараларын пысықтап жатыр. Шаһардағы мектептерде санитарлық бақылау күшейтіліп, залалсыздандыру құрылғылары орнатылады. Сонымен қатар бас талаптардың бірі – ішке «Ashyq» жүйесі арқылы кіру. Мұндай талап тек мұғалімдерге ғана емес, мектеп қызметкерлері мен ата-аналарға да қойылмақ.
Жанар Нысанбаева, Шымкент қаласы №24 мектеп-лицейінің директоры:
- Антисептиктің, сұйық сабынның болуы міндет. Есік алдында медбикеміз жұмыс жасап жатыр. Ол дене қызуын өлшейді. «Ashyq» жобасы бойынша мектеп мұғалімі, ата-ана болсын, оларды кіргізу, материалдық техникалық базаның нығаюы – біздің мектепті толығымен жұмыс бастауға дайын деп айта аламын.
Айта кетейік, жұмысқа тек вакцина алған мұғалімдер жіберіледі. Қазіргі уақытта вакциналауға жатататын педагогтердің 93% астамы екпе алып үлгерген.